Главная » Культура » Қазыбек Иса: Конституциядан орыс тілі туралы бапты алатын кез жетті (ВИДЕО)

Қазыбек Иса: Конституциядан орыс тілі туралы бапты алатын кез жетті (ВИДЕО)

3e15bba14d5901dd21acd418abbdaa0c - Қазыбек Иса: Конституциядан орыс тілі туралы бапты алатын кез жетті (ВИДЕО)

«Бәріңізді қалың ел көз тігіп, үлкен үміт күтіп отырған Ұлттық Кеңестің алғашқы мәжілісінің ашылуымен құттықтаймын! Ұлттық мүддені қорғауы тиіс Ұлттық Кеңес – Ұлттың үні болып, Ұлттық сенім кредитіне ие болады деп үміттенемін.

Біздің Әлеуметтік-мәдени тобымызда 14 мүше бар. Бәрі қазақтың белгілі зиялылары, қайраткер, қаламгерлері. Біз өткендегі алғашқы ұйымдастыру отырысында бірінші көшпелі мәжілісімізді Әлеуметтік топ болғандықтан, ашық күнде аспаннан бомба жауған Арыс қаласынан бастаймыз деп шештік.

Ұлттық идеологияның кемдігі көзге ұрып тұрған біздің Тәуелсіз Қазақ Елінде Ұлттық рухты көтеру бүгінгі күннің ең маңызды талабы.

Таяуда 2 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жасады. Экранға көз тігіп қарап отырған елдің күткен үлкен үміті ақталуда. Шешілмей келе жатқан мәселелердің шешімдері айтылып, шегелей бекітілген Жолдау қалың халықтың қызу қолдауына ие болуда. Жолдау іске асуы үшін не істеуіміз керек? Бәріміз өз үлесімізді қосуымыз қажет!

1.Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына өзінің тұңғыш Жолдауында Қазақ тілінің мәртебесі туралы қадап тұрып айтты. “Қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіндегі деңгейі көтеріліп келеді. Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыт келеді. Бұл үшін барлығымыз жұмыла әрекет етуіміз қажет”, – деді. Отыз жылда бұған да жеттік , құдайға шүкір. Мемлекет басшысының Мемлекеттік тілімізге баса назар аударуы елдің ерекше ықыласын оятып, ұлт зиялылары өз үндерін қосуда. Иә, ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ ҚОРҒАУ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕН БАСТАЛАДЫ! Қазақстан Президенті айтқандай, «Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналуы үшін барлығымыз жұмыла әрекет етіп», барлық жерде мемлекеттік тілді міндеттейтін Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауымыз керек! Ол үшін Атазаңда Мемлекеттік тіл мәртебесін жеке дара иеленуі үшін орыс тілі туралы 7- баптың 2- тармағын алатын уақыт жетті. Бұл Халық талабын Қазақстан Халқы Ассамблеясы алдымен қолдауы тиіс! Парламентіміз, қоғамдық-саяси күштер, зиялылар қауымы қайрат көрсетуі керек!

Қасым-Жомарт Кемелұлы, өзіңіз ақ батаңызды берсеңіз «Ақ жол» партиясы Мемлекеттік тіл туралы заң жобасын жасауға дайын.

2.Мемлекеттік тілдің мемлекеттік деңгейде дамуы үшін және тиісті заңдардың орындалуын қадағалау мақсатында тікелей Президентке қарайтын Тіл агенттігі құрылғаны тиімді деп білеміз.

3.Тіл туралы айтқанда, міндетті түрде әліпбиге тірелесің. Латын әліпбиіне қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы, өзіңіз о бастан көңіл аударып келесіз. Қолдануда қолайсыздық тудырған үтірлі нұсқаға нүкте қойған да өзіңіз болатынсыз.

Еліміз үшін стратегиялық маңызы зор мақсат, Рухани тәуелсіздігіміздің бастауы -Латын әліпбиіне де көзіміз үйреніп, көңіліміз сеніп келе жатыр. Бірақ бір-екі түзетуді айтпай кетуге болмайды. Біріншіден, соңғы акутты нұсқада І әрпінің бас әрпі жоғалып кеткен – И әрпі екеуін де бір І таңбамен белгілеген. «Қазақтың І әрпін қайтарып, екі диграфтан құтқарыңыздар!»-деген қазақ жазушылары мен ғалым, зиялыларының Ашық хаты да «Қазақ үні» газетінде былтыр жарияланды.

Қазір кез келген жерде латын әліпбиімен қазақша, кириллицамен орысша, екі нұсқа жазулы тұрады. Елдің бәрі оңайын таңдап, кириллица нұсқасын оқиды. Бұл қазақтілділердің де Латын әліпбиін үйренуге кері әсерін тигізіп, кедергі келтіруде. Осы мәселеге де бір шешім айтылуы тиіс.

4.Кез-келген тіл ең әуелі сол тілдегі мазмұнмен күшті. Сондықтан қазақ тіліндегі заманға сай, әсіресе жастардың тұлға және маман ретінде қалыптасуына қажетті сапалы мазмұн (контент) қажет. Ондай мазмұнды тез арада жасаудың жалғыз жолы – кең жолға қойылған жан-жақты аударма ісі. Соның ішінде ғылыми аударма, көркем аударма, кино және анимация дубляжы, онлайн контент аудармасы, виртуалды ойындар аудармасы қамтылуы қажет. Мысалы, біздегі дүкендердегі кітаптардың 90 пайызы орыс тілінде. Оның 50 пайызы шетел әдебиеті мен публицистикасы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Президенті болып сайлана салысымен «Ең бастысы – Қазақ тілі» деп мәлімдеуі және Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналуы үшін барлығымызды жұмыла әрекет етуге» шақыруын Ұлттық жаңғыру, ұлт мүддесін ұлықтаған ұлттық ұран деп қабылдаймыз!

5.Қандай тіл болмасын, алдымен балабақша мен мектеп қабырғасында қанаты қатаяды. Мектебімізде шет тілін бірінші сыныптан оқыту туралы келешегімізге кесір келеңсіздікке бұрыннан қарсылығын танытып келе жатқан Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев мұғалімдердің тамыз кеңесінде бұл мәселеге нүкте қойды десек те болады. Енді ата-аналар қалауымен шет тілін екінші-үшінші сыныптардан немесе бесінші сыныптан кейін оқыту мәселесі күн тәртібіне шықты. Негізі бір тоқтамға келіп, шет тілін бастауыш сыныптан кейін оқыту дұрыс деп білеміз.

Ал кезінде шет тілін бастауыштан кейін оқып-ақ, Біріккен Ұлттар Ұйымы төрағасының орынбасарлығына дейін көтерілген, әлем мінберінде ағылшынша талай сөйлеп жүрген, бүгінде Қазақстан Президенті болып отырған Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұлғасы нағыз көрнекті үлгі, – өзі айтқандай, балаға шет тілін бастауыштан кейін оқыту – талқылаусыз таңдау, өмірлік өзекті қағида екенін анық білдіріп тұр!.

ҰЛТТЫҚ РУХТЫ КӨТЕРУ – ЕҢ БАСТЫ МІНДЕТ
ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ ҚОРҒАУ – ҰЛТТЫҚ РУХТЫ ОЯТУДАН БАСТАЛАДЫ!

Таяуда ұлт тарихындағы рөлі зор Ұлытауға Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті ретінде тұңғыш сапар жасап, зиярат етіп қайтты. Босқа барған жоқ, түгел түркі әлеміне түрткі болар ордалы ой айтты.

Еуразия кеңістігіндегі ерекше зор, алып империя Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу туралы бастама көтерген мемлекет басшысы: «Шыңғыс ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет»-деп атап өтті.

Мемлекет басшысының Ұлытау сапары мен ұлағатты сөздері рухымызды көтеріп, еңсемізді биіктетіп кетті.

Иә, Алтын Орданың атасы Жошы ханның тұлғасын асқақтату –түгел түркіге ортақ игілікті іс. Алып империяның алғашқы астанасы Сарайшық та, Алтын Орданың тізгінін баласы Бату ханға тапсырып кеткен әкесі ұлы хан Жошы да Қазақ жерінде жатыр… Жошы – Шыңғыс ханның бірінші әйелі, қазақ қызы Бөртеден туған тұңғыш ұлы.

1.Жошы ханның Ұлытауда таққа отырғанына 2023 жылы 800 жыл толады. Қазақ мемлекеті тарихындағы елдік маңызы ерекше зор бұл мерейтой мемлекеттік деңгейде тойлануы тиіс! Міне, Қазақстан Президенті айтқандай, Жошы ханға әлем назарын нағыз аударар кезең басталды деуге болады.

2.Осындай әлем тарихындағы салмағы орасан саңлақ тұлғалар мен маңызы зор қалалар өзге бір елдің еншісінде болса не болар еді… Әріге бармай-ақ, мемлекет басшысы айтқандай, кішкентай Моңғолияның өзі Жошы ханның әкесі, әлемді билеген Шыңғыс хан арқылы дүние жүзіне дүбірін танытып жатыр… Мүмкін біз де Шыңғыс ханның алып ескерткішіндей Жошы ханға да одан кем емес кемел ескерткіш кешен тұрғызармыз. Ол кешенде Шыңғыс ханның да, Бату ханның да, Бөртенің де ескерткіші тұрса, тіпті керемет болар еді. Ал Ұлытауда мазары жатқан Жошы ханның ескерткішін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғызып жатса, ұлт рухы дүр сілкінер дүбірлі дүние болар еді… Жошы ханның киелі кесенесі мен келешек керемет кешені әлем саяхатшыларын тартып тұрар тарихи да, тартымды да, тамаша орынға айналар еді… Өйткені, ҰЛЫТАУДА ҰЛЫ ЖОШЫ ХАНДЫ ҰЛЫҚТАУ АЛТЫН ОРДАНЫ АСҚАҚТАТУҒА БАСТАЙДЫ.

3.Мемлекет басшысының Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу туралы елдік маңызы ерекше бағалы бастамасына ұлт зиялылары не дейді? Қазақ тарихында, аңызы мен күйлерінде орны бар Алтын Орда мен Жошы хан тұлғасы киномызда қалай көрініс таппақ? Әдебиетіміз бен мәдениетімізде, ғылым мен бейнелеу өнерінде бейнеленбек? Рухымызды көтерер алып империя Алтын Ордамыздың тарихын күнделікті нәр берер рухани айналымға қалай қосамыз? Иә, мектеп пен жоғары оқу орындары оқулықтарында бұл бағалы да, баянды тақырыпқа басты назар аудару керек.

4. Қазақ тарихын нақты да, шынайы деректер негізінде қайта жазатын уақыт келді.

5. Мемлекет басшысының Ұлытау сапары Ұлт рухын көтерер саясат, ұлт мүддесін ұлықтайтын кешенді шаралар керектігін ұқтыруда. Бұл бастаманы қалың ел қуана қолдап жатыр. Тарихымыздың тамырында жатқан Алтын Ордадай ауқымы алып, терең тақырыпқа бүкіл халық, барлық қоғамдық-саяси қозғалыстар өз үлестерін қосуы тиіс!

6.Әлемге әйгілі тұлғалардың мерейтойын тойлау ұлт рухын көтеретіні белгілі. Егер ол тұлға сонымен бірге мәдениетіміздің де әлемдік өркениеттік әдеби-мәдени жетістігін айқындап жатса, ол тіпті жақсы. «Алпамыс батыр» жырының 1000 жылдығын ЮНЕСКО бойынша тойлауда туыс халықтар алдымызды орап кетті. Ал екі күн бұрын, Қасым-Жомарт Кемелұлы, өзіңіз ашқан Азиялық жазушылардың тұңғыш форумында Әзірбайжанның әйгілі жазушысы Анар Рза қырғыздардың Манастың 1000 жылдығын тойлаған тойында Әзірбайжан Президенті Гейдар Алиевтің бүкіл түркіге ортақ әулие, абыз, қобыз атасы Қорқыт бабаның 1300 жылдығын өткізу туралы ұсыныс айтқанын жеткізді. Ал Қорқыт бабаның мазары Қазақ жерінде, Сыр бойында, Қызылорда облысында жатқанын, ол жерде қазір «Қорқыт баба» атты сәулеттік-мемориалдық кешен бар екенін ойласақ, Қорқыт бабаның мерейтойын алдымен Қазақ Елі атап өтуі керек екені көзге ұрып, көңілде сайрап тұрған жоқ па?

Иә, қазіргі таңдағы ел еңсесін көтеретін ең басты саясат – ҰЛТ РУХЫН КӨТЕРЕТІН ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ!».

Қазыбек Иса, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі

06 қыркүйек, 2019 жыл, Нұр-Сұлтан қаласы, Тәуелсіздік сарайы

Источник: www.matritca.kz

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

Форма обратной связи

Вы можете связаться с нами по всем интересующим Вас вопросам.
Заполните ниже форму и отправьте сообщение.

×