Семей қаласындағы әскери госпиталдің бастығы ұсталды
Primary tabs
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері Семей қаласындағы әскери госпиталдің бастығы Дулат Құрметовті тұтқындады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Ғани Нүсіпов хабарлады.
"2021 жылдың 29 мамырында құқық қорғау органдары Семей қаласындағы әскери госпиталдің бастығы, медицина қызметінің подполковнигі Дулат Құрметовті ұстады. Басқа мәлімет тергеу мүддесі үшін жариялауға жатпайды", - дейді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан Қарулы Күштерінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету және қаруландыру бөлімінің бастығы, полковник Асылбек Сатвалдиновтың ұсталғанын хабарлаған едік.
Одан бөлек, Жамбыл облысында ауылдың бұрынғы әкімі сотталғанын жазған болатынбыз.
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, Байзақ ауданы Бәйтерек ауылдық округінің бұрынғы әкімі "Сәулет 2012" ЖШС мердігер ұйымының басшысымен келісе отырып, Сарыкемер ауылының көшелерін жарықтандыруды жөндеуге арналған 10 миллионнан астам теңгені жымқырдып деп айыпталған.
Ведомствоның дерегінше, тараптар объектіні қабылдау-тапсыруға қатысты жалған актілерге қол қойған, бірақ іс жүзінде жұмыс орындалмаған. Сонымен қатар, "Астана LRT" ісі бойынша сотталушыларға үкім шыққан болатын. Сот жеті тұлғаға үкім кесті. Айыпталушылар 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Алайда, бұл істегі басты күдіктілер нақтырақ айтсақ, "Астана LRT-ның" бұрынғы басшысы Талғат Ардан халықаралық іздеуде жүр.