Волонтерлер Қапшағай тасжолын вандалдық жазбалар мен қоқыстан тазартты

Primary tabs

Jul 05, 2021 / 0 comments

Алматы облысының волонтерлері Қапшағай тасжолын вандалдық жазбалар мен қоқыстан тазартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасының қатысушылары Қапшағай тас жолын вандалдық жазбалар мен қоқыстардан тазартуға бағытталған ауқымды экоакция өткізді. Жобаны Kazakh Tourism ұлттық компаниясының, Қапшағай қаласы ішкі саясат бөлімі, Алматы облысының туризм басқармасы мен ҚР АҚДМ қолдауымен «Jana Dunie» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

 

Күннің аптап ыстығына қарамастан, олар үлкен жұмыс атқарды: жартастардағы ондаған жазбаларды өшіріп, алты қап қоқыс жинады. «Бұл өте күрделі локация болды. Кірдің бәрін мұнтаздай қылып тазарту мүмкін болмады, себебі бояуды өшіру қиынға соқты. Біз тек жазбалардың өзін ғана сүртіп тастадық. Біздің табиғатымыздың әуелгі сұлулығын қайтаруға міндеттіміз! Неліктен? Себебі қаншалықты керемет жерде тұрып жатқанымызды, оның үстіне барымызды бағалай білуіміз керектігін тек адамдар ғана сезініп, түсіне алады», - дейді өз әсерін бөліскен «Jana Dunie» қоғамдық қорының өкілі Бағдат Ақбиева.

 

Тазалық жұмыстарынан бөлек, экоакция барысында қоғамның назарын қоршаған ортаны қорғауға аудартуға бағытталған нағыз арт-перфоманс ұйымдастырылды. «Табиғат та жауап бере алады» ұранымен ұйымдастырушылар қолдары мен беттеріне әдетте туристер табиғи орындарға жазып кететін жазуларды жазып алды. Креативті түсірілімге волонтерлер, белсенділер мен Yolohouse-тан келген қазақстандық тик-токерлер қатысты. «Перфоманстың идеясы керемет-ақ. Осыны ең аз дегенде бір адам көріп, өзінен кейін жазба қалдырудан арылса, мұның өзін еңбектің ақталғаны деп айтуға болады. Шынымды айтсам, күні бүгінге дейін осындай ойсыз жазбаларды қалдыратын адамдардың барына сенгім келмейді.

 

Біздің буын ғана табиғат аясында қалай демалу керектігін көрсететініне сенімдімін», - дейді волонтерлердің бірі. Бұдан бұрын осыған ұқсас акциялар «Бурабай» ұлттық паркінде, Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде және Іле-Алатау ұлттық паркінде өткізілген.

 

«Біз бұл акцияның ауқымын ұлғайтып, 24 шілдеде өтетін жазғы Қайырымдылық күніне аясында елдің әр аймағында ұйымдастыруды жөн көріп отырмыз. Сонымен қатар, бұл жолы да Jana Dunie қоғамдық қорымен бірігіп, біз «Өз елімде із қалдырмай Sayahattime» атауымен әрбір аймақта жартастар мен су қоймаларын тазарту акцияларын өткіземіз. Экология – бүгінгі таңда әлемдегі ең күрделі проблемалардың бірі. Біз қазақстандықтардың бәрін де Қайырымдылық күніне атсалысып, қоршаған ортаға қамқор болуға шақырамыз», - дейді «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Лима Диас.

 

Еске сала кетейік, «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен осы жылдың ақпан айында басталған болатын. Жоба Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен өткізіліп жатыр. Жыл басынан бері марафонға 2,5 млн астам адам қатысты, нақты көмек 167 мың адамға көрсетілді. Марафонға ниет білдірген кез келген азамат қатыса алады. Ол үшін өзінің жақсы істерін әлеуметтік желілерде #ҚАЙЫРЫМДЫІСТЕРМАРАФОНЫ #МАРАФОНДОБРЫХДЕЛ ресми хештегімен жариялауы керек.