"Бассейнде қыздарға тиіскен": Алматы облысындағы демалыс базасында жанжал шықты

Primary tabs

Jul 07, 2021 / 0 comments

Алматы облысындағы демалыс базасында ер адам бассейнде шомылып жүрген жасөспірім қыздарға тиісті деген күдікке ілінді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 

Демалыс аймағында түсірілген видео taldykorganec.insta паблигінде жарияланды. Жазба авторының айтуынша, ер адам бассейнде қызы мен сіңлісіне тиіскен.

"Оның бұл қылығы сексуалдық сипаттағы ерсі әрекетке ұқсады. Мекеме әкімшілігіне шағымданғанымда, олар маған мұндай жағдай болса, балаларыңыз бассейнде шомылмай-ақ қойсын деп жауап берді. Қызым 17-де, сіңлім 18 жаста. Бұл қалай сонда деп сұрадым? Мен ақша төледім, ал балаларым жағада отыруы керек пе?! Осыдан кейін әкімші күзетшіні шақырып, әлгі адамды табуды сұрады", - деп жазды автор.

Күдіктіні тапқан кезде, оның айналасына бір топ адам жиналып қалған. Пост авторының сөзінше, ер адам мас күйде болған, сол күні ол кәмелетке толмаған тағы екі қызға тиіскен. 

Басылымның жазуынша, демалып жүрген адамдар болған оқиғаны видеоға түсіріп, ер адамды "педофил" деп атаған. Алайда ол бәрін жоққа шығарып, былапыт сөздер айтқан. Видеодан бұл жайттың соңы төбелеспен аяқталғаны көрінеді.

Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты пікір білдірді.

"5 шілде сағат 18:30 шамасында полицияға демалыс аймағында демалған әйелден суға шомылып жүрген 16 жастағы қызына тиіскен ер адамға қатысты шара қабылдау туралы арыз түсті. Қазір күдікті анықталды, ол Ескелді ауданы Қарабұлақ ауданының 34 жастағы тұрғыны", - дейді полициядан.

Сонымен қатар бұл фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 122-бабы 1-тармағы (Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғаны белгілі болды. 

Бұл бап бес жылға дейін бас бостандығынан шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр, оның қорытындысы бойынша процессуалды шешім қабылданады.