Сүйіктісін қайтара алмаған азамат желіге оның интимдік фотосын жариялап жіберген
Primary tabs
34 жастағы Талдықорған тұрғыны әлеуметтік желіге бұрынғы қызының интимдік фотосын салған. Бұны білген бойжеткен полицияға жүгініп, аталмыш факті бойынша қылмыстық тергеу басталды деп хабарлайды Kaskelen.kz тілшісі Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
19 шілде күні 24 жастағы қыз бұрынғы жігітіне шара қолдануды сұрап, Талдықорған полициясына жүгінген. Анықталғандай зардап шегуші біраз уақыт ер адаммен қыз-жігіт ретінде қарым-қатынаста болған.
Алайда бойжеткен 2020 жылы айырылысу туралы шешім қабылдаған. Бұған көндіге қоймаған ер адам бір жыл бойы оны аңдып, назар өзіне аудармақ болған. Бұл әрекетінен ештеңе шықпаған соң бойжеткенді интимдік сипаттағы фотосын әлеуметтік желіге саламын деп қорқыта бастаған. Ол бірнеше мәрте бұрынғы сүйіктісінің аккаунтын бұзған.
Сондай-ақ, оның атынан әлеуметтік желіде парақшалар ашып, жалаңаш фотосын салған.
Одан бөлек, ер адам бойжеткеннің қатысуымен түсірілген әртүрлі суреттер мен видеоматериалдарды жариялай бастаған.
"Материалдармен танысқаннан кейін оның жеке басы анықталып, полицияға жеткізілді. Куәгер ретінде және қорғалуға құқығы бар адам ретінде жауап берген ер адам кінәсін мойындап, түсініктеме берді. Ол істеген ісіне өкінетінін айтты. Бұл оны жауапкершіліктен босатпайтындықтан, факті бойынша қылмыстық тергеу жалғасуда", - дейді Талдықорған полиция басқармасының бастығы Асқар Нұрсапа.
Полиция тергеудің Қылмыстық кодекстің 147-бабы, 4-бөлігі бойынша (Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу) жүргізіліп жатқанын хабарлады. Күдіктіге бес жылға дейін бас бостандығынан айырлуы мүмкін.