Қарасайлық өнерпаздар Нұр-Сұлтаннан жүлделі оралды
Primary tabs
Наурыздың 26-сы мен 28-і аралығында Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында балалар шығармашылығының республикалық «Ақ көгершін» фестиваль-байқауы болып өтті, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
Байқау биыл осымен он үшінші рет өткізілуде. Оған жақын шет елдер мен еліміздің түкпір-түкпірінен 4- тен 18 жасқа дейінгі 500-ге жуық бала түрлі номинациялар бойынша қатысты. Бұл өнер додасына біздің қарасайлық кішкентай жұлдыздар да бақ сынап, жүлделі орындармен оралды.
Атап айтқанда, Қалбибі Абдуллаеваның өнер студиясының шәкірттері мен аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылып, Эльмира Сұлтанбекова жетекшілік ететін «Шаттық» би тобы астаналықтарды талантымен тәнті етті.
Бұл додада, «Қалбибі» өнер мектебінің өрендері вокал номинациясы бойынша бақ сынап, оза шапты. Жас өнерпаздар – Алламжарова Құралай Бас жүлде иегері атанса, Арыстан Шерхан 1-орынға ие болды. Ал Нұрғалым Нұрболат 2-орынды, Құлжан Сезім 3-орынды иеленді. «Кішкентай ханшайым» номинациясы бойынша 1-орынды 5 жасар Жұманқұл Жания жеңіп алды. Ал Эльмира Талғатқызының жетекшілігіндегі «Шаттық» би тобы бас жүлдемен оралды.
Жеңімпаздар мен олардың жетекшілерін ауданымыздың мәдениет қызметкерлері мен ата-аналар вокзалдан ерекше құрметпен күтіп алып, жылы лебіздерін де арнап жатты. Ал, кішкентай қарасайлық жұлдыздар болса, байқаудан ерекше әсермен оралған. Осылайша қарасайлық жас өнерпаздар Елорданың сахнасында өз өнерлерін көрсетіп, ауданымыздың абыройын тағы бір асқақтатып келді.