Қазақстанда коронавирусты тексеретін 60 мың тест шетелден алынып жатыр

Primary tabs

Mar 12, 2020 / 0 comments

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елімізде коронавирусты тексеру үшін қосымша 60 мың тест алынғанын айтты, деп хабарлайды Kaskelenkz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасай отырып.

Оның айтуынша, Қазақстанда Ресей, Қытай, Германиядан әкелінген коронавирусты тексеретін тест бар.

"Бізде жалпы 15 мың тест болған. Оның 5 мыңын пайдаландық. Қазір 10 мың тест бар. Қазір басқа мемлекеттен қосымша 60 мың тест алып жатырмыз", - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Осы орайда Елжан Біртанов адамнан коронавирус инфекциясын бірден анықтау қиынға соғатынын жеткізді.

"Қазақстанда коронавируспен ауыратын науқастар тіркелген жоқ. Бірақ бірнеше мемлекеттен келген азамат қазір бақылауда. Азаматтың қанынан коронавирус бірінші күні табылмайды. Сондықтан біз және әлем елдері оларды 14 күн бақылауда ұстаймыз. Қажет болған жағдайда карантинге жатқызамыз", - деді министр.

Сонымен қатар, ведомство басшысы қазіргі таңда коронавирус қаупіне байланысты карантинде жатқан азаматтарды қырағы бақылау екенін атап өтті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, қазір елімізге шетелден келген 3 863 адам бақылауда.

"Әрбір науқасты 2-3 тестіден тексереміз. Бұл тестіні басқа мемлекеттер пайдаланып жүр. Нақты көрсеткіштер бар. Оның қорытындысына сәйкес, коронавирустық инфекция бізде табылған жоқ", - деді Елжан Біртанов.

Сонымен қатар, министр Қазақстанда коронавирустың таралу қаупі бар екенін айтып қалды.

"Біздің ойымызша, қауіп өте жоғары. Оны түсінеміз. Қазақстанға коронавирусты кіргізбеу үшін нақты шаралар қабылданды. Бізде уақыт пен толық дайындалуға мүмкіндік бар", - деп түйіндеді сөзін ол.