Қаскелең аталған көне қала орны, орта ғасыр дәуірі

Главные вкладки

мар 19, 2018 / 0 комментарии

Көне қалашық орны Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаскелең қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 3,5 шақырым жерде. Ескерткішті ХХ ғасырдың 50-жылдарында археолог И.И.Копылов, 2005 жылы А.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Алматы барлау экспедициясы зерттеген. Көне қалашық Қаскелең өзенінің сол жағасындағы үстіртте орналасқан.

Қала бекінісі 1956 жылы бульдозермен бұзылып, үйіндісі жермен жексен болып тегістелген. Дәл осы үйіндінің орнына Қаскелең ауданы Ленин совхозының №7 дала қосы орын тепкен. Қазіргі күні қалашық орналасқан дала жеке қожалық иелігінде, ескерткіш аймағы жыртылған, құрылыс салынған. Қала орны Қаскелең шатқалына кірер ауызға қарсы бетте, Іле Алатауы бөктерінің солтүстік етегінде орналасқан. Ескерткіш Ұлы Жібек жолының негізгі жолында Іле Алатауының солтүстігін бойлай орналасқан қалалар тобына жатады. Қалашықтың орталық бөлігі – шахристанның 100×100 метр (сол шамаға жуық) аумағы, археолог И.И.Копыловтың мәлімдеуінше, бекініс қабырғаларымен қоршалған.

Қабырғалар және тұрғынжай мен шаруашылық үшін қосалқы құрылыстардың негізгі материалы – болған. Көне қаланың қираған орны батыстан шығысқа қарай 1 шақырымды, ал ені 0,3 шақырымды қамтитын теп-тегіс алаңқайда жатыр.

Алаңқай солтүстігінде орман алқабымен, каналмен, оңтүстігі мен шығысында Қарасу өзені саласының тармағымен шектеседі. 1986-1988 жылдары көне қала орнын (ҚР Мемлекеттік орталық музейі ) қызметкерлері зерттеді. Артефактілер жинақталды: құрышбұзар темір жебе ұштықтары, қола монеталар, моншақтар, керамикалық ыдыстардың сынықтары, жануарлар сүйектері.

Табылған олжалардың сипатты белгілеріне қарағанда, қалашықтың өмірі сүруінің соңғы кезеңі ХІ ғасыр мен ХІІІ ғасыр аралығына тұспа-тұс келуі мүмкін деп анықталды. Көне қалашықтың орналасуы мен құрылымының сипаты бойынша ол қараханидтік кезеңнің Іле аңғарындағы ортағасырлық керуен-сарай санатына жатады. Жинақталған заттай жәдігерлер қаланың осы аймақтағы ең ірі сауда-қолөнерінің орталығы болғандығын айқақтайды.