Жетісуда енді қодастар мекендейді

Главные вкладки

июн 23, 2021 / 0 комментарии

Бүгінгі таңда Алматы облысында ішкі туризмді дамыту бағыты бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Жер жәннаты Жетісу өңірінде туристерді таңғалдырарлық таңғажайып мекендер жетерлік. Солардың бірі Райымбек ауданында орналасқан «Сафари Тау Шелек» демалыс орны.  Іле Алатауының бөктері, Текес пен Құтырған өзендерінің түйіскен жерінде орналасқан бұл аймақ отандық және шетелдік туристердің қызығушылығын тудыратыны сөзсіз.

2018 жылы «Сафари Тау Шелек» ЖШС-і «Ішкі туризмді дамыту бағытында этноауыл, аңшылық кәсібі мен қодас өсіру жайлы жобасын» ұсынған. Нәтижесінде Алматы облысы әкімдігі жанындағы  Аймақтық үйлестіру кеңесінің шешімімен бұл тың жоба инвестициялық  деп танылып, мемлекеттік грант ретінде 20 мың гектар жер телімін жалға беру туралы шешім қабылданған.

Бұл жобаның негізгі мақсаты  - экотуризмді дамыту, яғни, қаймағы бұзылмаған шынайы табиғат аясында сауықтыру шаралары қамтылған демалыс орнын ұйымдастыру. Басты мақсат-табиғатпен үйлесімділікті қалпына келтіру. Таза ауада, табиғат аясында демалыс ұйымдастыру негізгі бағыт. Демалыс бағдарламасында табиғи өнімдерімен қатар фитотерапия, иппотерапия, саумал ішу бар. Негізінен отбасылық демалысқа ыңғайлы.

«Демалыс орны орналасқан жер тау етегінде орналасқандықтан, табиғаты жыл он екі ай қызмет көрсетуге қолайсыз екен.  Сондықтан жазғы маусымда ғана қызмет көрсету мүмкіндігі бар. Бұл жайт жобаны дайындағанда ескерілген. Сол себептен жобаның негізгі бөлігі жаз маусымында жүзеге асырылатын шаралардан тұрады.

«Сафари Тау Шелек» ЖШС-і директоры Азат Саматұлы

 Жобаның алғашқы кезеңі - этноауыл құру. Бұл бастама белсенді жүзеге асырылып жатыр. Демалыс аймағында 12 қанатты және 8 қанатты киіз үйлер тігілген. Этноауылдың аймағын әлі де кеңейту жоспарда бар.  

Ендігі кезең  - экотуризмді дамыту. Бұл аймақта қызыл кітапқа енген сирек кездесетін өсімдіктер мен жан-жануарлар болғандықтан автокөлік қозғалысына шектеу қойылған. Табиғатты барынша сақтап, айналаны қоқыстан тазарту, өрттің алдын алу шаралары да қолға алынған. Негізгі мақсат - табиғатпен үйлесімділікпен қатар, ата-бабамыз аманат еткен жерде ұлттық салт-тұрмысымызды көпшілікке паш ету», - дейді «Сафари Тау Шелек» ЖШС-і директоры Азат Саматұлы.

 

Сондай-ақ, серіктестік басшысының айтуынша, аталған жобаның негізгі бөлігі - қодас өсіру. «Сафари Тау Шелек» ЖШС-і пайдалануындағы жер Қырғыз  елінің шекарасымен ұштасып жатқандықтан, аумақта қодас жер аударып тұратын кезі бар. Сондықтан, жер бедері мен орналасқан жері ыңғайлы болғандықтан қодас өсіру кәсібін қолға алынбақ.

Қазіргі уақытта алдымен бұл кәсіпке мамандарын үйретіп алмақ. Бастапқыда 50 бас қодас әкелу жоспарланған, кейін олардың санын 2000-3000-ға дейін жеткізуді көздеп отыр.   

Алдағы 2 жылда Қырғызстан мен Тибетте мекен ететін жануарды Іле Алатауының бөктерінен көруге мүмкіндік тумақ.   Жалпы, қодастар   табиғаты қатал, таулы, оты мардымсыз жерлерде тіршілік етеді, қар астында қалған шөпті өздері-ақ аршып жейді. Мойындары жуан жануарлар қарды басымен аршып дағдыланған. Тағы бір жақсы ерекшелігі, қодастар тек табынымен жүріп жайылады, ешқашан саяқ кетпейді. Белгілі бір жердің жайылымын оттап болған соң, үйірімен көшіп басқа жерге барып жайылады. Оларға жемшөп әзірлеу қажет емес. Негізгі пайдасы да сонда.   Оның үстіне, бұлар жыртқыш аңдардан тайсалмайды. Табынымен жүрген қодастарға шабуға қасқырлардың батылы жете қоймайды. Яғни, бақташыларға оларды бағу аса қиын емес.   

Қазақстан табиғатына шет ел азаматтары тарапынан қызығушылық басым. Аңшылық кәсібін тарту да жоспарымызда. Интераңшылық мемлекеттік лицензиямен жүзеге асырылатын болғандықтан бюджетке түсетін табыс та қомақты болмақ. 

Аталған жобаны жүзеге асыру жеке инвестиция арқылы жүргізілуде. Жобаның бастапқы кезеңін іске асыруға 50 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған.  Ал жұмыс орны туристер легіне қарай қосылып отырады. Маусымдық жұмысқа жергілікті тұрғындар тартылған. Қазіргі уақытта демлыс орнында оннан астам адам келушілерге қызмет көрсетуде.

Бұл маңның тағы бір жауһары - «Күркілдек» сарқырамасы.  10 метр биіктіктен құлап ағатын ағын судың арыны қатты. Тау шатқалында орналасқан жерге көлікпен және атпен жетуге болады. Таңдау келушілердің өз қалауында.  

«Сафари Тау Шелек» Райымбек ауданының орталығына 80 шақырым жерде орналасқан. Қазіргі кезде демалыс орнынан апаратын жолдың сапасын жақсарту жұмыстары қарастырылуда. Жеке кәсіпкерлер мен әкімшіліктің бірлескен қызметінің нәтижесінде алдағы уақытта жолдың жайын жақсартамыз», - дейді  Райымбек ауданы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басышысы Абылай Бақытжан.

Әлемнің 88 мемлекетін аралаған танымал блогер-саяхатшы Александр Цой да «Сафари Тау Шелек» демалыс аймағы туралы өз ойын білдірді:

«Еліміздің көрікті жерлерін көргісі келетін туристердің саны күннен күнге артып келе жатқандығы мені қуантады. Мен Көлсайды, Шарынды бұрын көргем. Ал Қайыңдыны енді көрдім, тамаша әсер алдым. Одан осында  келдік. Демалыс аймағы өте керемет екен. Жеке инвесторлардың ішкі туризмге үлес қосып жатқаныны құптарлық іс екен. Саф таза ауа, дәмді тағам, екі қабатты үйдегі жайлы жатын бөлмелері, тіпті моншасы да бар екен. Ал табиғаттың сұлулығына тамсанбау мүмкін емес. Осы арадағы екі сарқыраманы да көзіммен көріп келдім. Бері келе жатқанда түн болды, ал ертесі  жайлауды көріп тамсандым, мен бұрын мұндай кең даланы көрмеппін. Осынау көрікті жерлерімізді ұрпағымызға сақтап қалу үшін алдымызда үлкен міндет тұр. Табиғатымызды аялап, мөлдір таза қалпында ұстай білейік дегім келеді».

 

Жеке аудан мәртебесін алған Райымбек ауданының келбеті 3 жыл ішінде айтарлықтай өзгерген. Аудан таулы аймақ болғандықтан туризмді дамытуға қолайлы. Жабайы табиғатты жаны сүйетін жандар үшін бұл маңда «Сафари Тау Шелек»-пен қатар тағы да 5 демалыс орны нақты жұмыс жасап жатыр.  Олар «Қарасай» жайлауы, «Үшқақбақ», «Шоған сай» және «Ақкөл». 

 Нұргүл Әлменбетова