Қазақстанда коронавирус пен пневмониядан қайтыс болғандар саны күн санап артуда
Главные вкладки
30 маусымда коронавирус пен коронавирус белгілері бар пневмониядан Қазақстанның 20-дан астам тұрғыны қайтыс болды. Мұндай деректерді денсаулық сақтау министрлігі өзінің Telegram-дағы ресми арнасында жариялады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша, Қазақстанда коронавирустан қайтыс болғандардың жалпы саны – 4399. Оның 24-і – 30 маусымдағы өлім-жітім көрсеткіші.
Пневмония жағдайы бойынша пандемия басталғаннан бері бұл дерттен қайтыс болғандар саны 3452-ге жетті. Олардың үшеуі 30 маусымда қайтыс болды. Сол күні аурудың 76 жағдайы анықталды.
Еске салсақ, денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық ахуалға қатысты мәліметті жаңартқан болатын. Оған сәйкес, Қазақстанда өткен тәулікте 2590 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Әлемдегі ахуалға келсек, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропа елдеріне коронавирустың жаңа толқыны туралы ескертті.
ДДСҰ деректеріне сүйенсек, Еуропадағы COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны бір аптада 10 пайызға артқан. Ауырғандар саны екі ай бойы азайып, енді күрт өскенін бағамдаған мамандар коронавирустың жаңа толқыны пайда болады деген пікірде.
ДДСҰ өңірлік директоры Ханс Клюгенің айтуынша, қауіп вакцинаның әсері өте баяу болып жатқандықтан және жаңа штамдардың пайда болып, карантиндік шаралардың әлсіреуінен туындап отырған көрінеді. Сонымен бірге, ЕУРО-2020 инфекцияның таралуына әсер етіп жатыр. Атап айтқанда, Лондон мен Санкт-Петербургтан қайтқан жүздеген фанаттан вирус анықталып отыр.