Атырауда таксистерді қорқытып, ақша бопсалаған діни ағым өкілдері ұсталды
Главные вкладки
Атырау облысында арнайы операция өтті. Оның барысында спорттық орта өкілдері мен деструктивті діни ағымды ұстанушылардан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Бұл туралы ҰҚК ресми сайтында хабарланды.
Арнайы операцияны 5 шілде күні ҰҚК-ның Атырау облысы бойынша департаменті прокуратура және облыстық полиция департаментімен бірлесіп өткізген.
ҰҚК мәліметінше, топ мүшелері ұзақ уақыт бойы Атырау-Орал тас жолында қатынайтын такси жүргізушілерінен, оның ішінде күш қолданамыз деп қорқытып, ақшалай қаражат бопсалаған.
"Ұйымдасқан қылмыстық топтың 4 белсенді қатысушысы ұсталды. Фигуранттардың және олардың жақын байланыстарының тұрғылықты жерлерінен 3 бірлік әртүрлі қару мен оқ-дәрілер, сондай-ақ, олардың қылмыстық әрекеттерін растайтын құжаттық материалдар (чектер, журналдар, банк карточкалары) табылып, алынды", - дейді ведомстводан.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 194-бабы, 2-бөлігі (Бопсалау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Топ жетекшісі тергеу изоляторына қамалды, қалғандары ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Тергеу амалдары жалғасуда. Еске сала кетсек, бұған дейін ҰҚК-ның Алматы облысы бойынша департаменті Шекара қызметінің Алматы облысы бойынша департаментімен бірлесіп, арнайы операция өткізген еді. Ол кезде киік мүйіздерін заңсыз өндіру және Қазақстаннан Қытайға контрабанда арнасын ұйымдастыруға қатысы бар қылмыстық топтың жолы кесілген болатын.