Төрт ұшақпен шабуыл жасалды. АҚШ-та 20 жыл бұрын болған теракт
Главные вкладки
Осыдан 20 жыл бұрын, 2001 жылдың 11 қыркүйегінде АҚШ-та адамзат тарихындағы ең ірі террористік шабуылдардың бірі болды. Үш мыңға жуық адам қаза тапты. Екі ұшақ Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығының мұнараларын тас-талқан етті, үшіншісі Пентагон ғимаратына құлады, ал тағы біреуі Пенсильваниядағы Шанксвилл маңына түсті. Жантүршігерлік оқиға қалай болды, кім ұйымдастырды және қанша адам зардап шеккені туралы Tengrinews.kz тілшісінің материалында.
Лаңкестік әрекет қалай жасалды?
2001 жылы 11 қыркүйекте лаңкестер 4-5 адамнан тұратын шағын топтарға бөлініп АҚШ-тың шығыс жағалауындағы төрт жолаушылар кемесін бір уақытта дерлік басып алды. Олар әуежайдан пышақ пен бұрышты балонды жеңіл өткізіп, бұл ұшақтарды Нью-Йорк пен Вашингтондағы маңызды ғимараттарға соққы жасау үшін қолданады.
Осылайша екі лайнер Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығының егіз мұнара деп аталатын ғимаратына құлайды. Біріншісі жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 08:46-да Солтүстік мұнараға тисе, екіншісі сағат 09:03-те Оңтүстік мұнараны бұзады.
Мәліметтер бойынша, осыдан 110 қабатты ғимараттың екеуінде де өрт шығып, екі сағаттан аз уақытта опырылды.
Екінші соққыдан жарты сағат өткенде үшінші лайнер Пентагонның Батыс қасбетіне құлайды. Бұл ел астанасы Вашингтон маңындағы АҚШ Қорғаныс министрлігінің ірі ғимараты еді.
Ал төртінші ұшақта лаңкестерге жолаушылар кедергі келтіріп, сағат 10-нан кете ол Пенсильвания штатындағы алаңға құлады. Бұл лайнер Вашингтондағы Капитолий ғимаратын қиратуы керек еді деген болжам бар.
Осы уақытта АҚШ президенті Джордж Буш Сарасота қаласында орналасқан Эмма Букер атындағы бастауыш мектебінде білім берудің жаңа реформасын талқылау үшін жүрген.
Мұны ұйымдастырған кім және оған АҚШ қалай жауап берді?
Шабуылдан бірнеше сағат өткен соң АҚШ-тың Федерал тергеу бюросы терроршылардың кім екенін атады. Арнайы комиссия оны Ауғанстанды паналап отырған "Әл-Каида" экстремистік тобы жоспарлағанын мәлімдеді. Ауғанстан сол кезде тәліптердің бақылауында еді.
Ақпарат бойынша, сол кездегі "Әл-Каида" басшысы Усама бен Ладен АҚШ пен олардың одақтастарын ислам әлеміндегі қақтығыстарды қоздырды деп айыптаған.
Ал лаңкестік әрекетті 19 адам орындағаны белгілі. Олар бес адамнан тұратын үш топ және төрт адамнан тұратын бір топ құрған. Әрқайсында ұшақ басқара алатын адам болған. Олардың бәрі АҚШ-тағы жеке ұшу мектептерінде оқыған. 19 терроршының 15-і Сауд Арабиясынан, Бен Ладеннің жерлестері, екеуі Біріккен Араб Әмірліктерінен, біреуі Мысырдан, біреуі Ливаннан.
Террористік шабуылдар жөніндегі Ұлттық комиссияның мәліметінше, олардың кейбіреуі Америкада бір жылдан астам уақыт тұрған. Көбі ағылшын тілінде нашар сөйлейді, кейбіреуі мүлдем сөйлемеді.
Сол кезде Ауғанстанда "Әл-Каиданың" жаттығу лагерлері болғаны да белгілі. Олар тәліптердің арқасында ашық өмір сүрді.
Алайда 2001 жылы 20 қыркүйекте Конгрестің бірлескен отырысында бұрынғы президент Джордж Буш: "Терроризмді қолдайтын кез келген елді Америка Құрама Штаттары дұшпан ретінде қарастырады" деді. АҚШ үкіметі "Талибаннан" террористерді дереу шығарып, оқу-жаттығу лагерлерін жабуды талап етті, әйтпесе АҚШ шабуылына қалатынын ескертті. Олар бас тартқан кезде, 2001 жылғы 7 қазанда, 11 қыркүйектегі шабуылдардан бір айдан аз уақыт өткен соң, "Бұзылмайтын бостандық" операциясы басталды.
Осылайша кіші Джордж Буштың бастамасымен АҚШ одақтастарымен бірге Ауғанстанға шабуыл басталды. Мақсат - "Әл-Каиданың" көзін жою және Усама бен Ладенді ұстау болды. Алайда Бен Ладен он жылдан кейін ғана Пәкістанда табылып, өлтірілді.
Ал 11 қыркүйектегі шабуылдарды тікелей жоспарлады деп айыпталған тағы бір адам, Кувейт тумасы Халид Шейх Мохаммед қазір АҚШ түрмесінде. Ол 2003 жылдан бері тұтқында. Соты әлі күнге дейін жүріп жатыр.
Қанша адам қаза тапты?
19 лаңкесті есептемегенде 2977 адам қайтыс болды. Бұл 1941 жылы желтоқсанда Перл-Харбордағы өлім санынан асып түсті, делінген Лаңкестік шабуылдар жөніндегі Ұлттық комиссия мәлімдемесінде. Төрт ұшақтың бортында 256 жолаушы мен экипаж мүшесі болған. Барлығы қаза тапты.
Егіз мұнараларда 2606 адам оқиға орнында немесе кейін алған жарақаттарынан қайтыс болды. Пентагон ғимаратында 125 адам өлім құшты.
BBC мәліметінше, қаза тапқандардың ең кішісі екі жасар Кристин Ли Хансон болған, ол төрт ұшықтың бірінде әкесі және анасымен отырған. Ал ең қарт адам 82 жастағы Роберт Нортон, ол әйелі Жаклинмен болған.
Шабуыл кезінде Дүниежүзілік сауда орталығының мұнараларында шамамен 17 400 адам болған. Солтүстік мұнарада соққы жасалған жерден жоғары қабаттарда жүргендердің ешқайсы аман қалмады. Ал Оңтүстік мұнарада соққы орнынан жоғары қабаттардан 18 адам қашып шыға алды.
77 елдің азаматтары қайтыс болды. Мұнаралар құлағанда 441 төтенше жағдай қызметкері мерт болды. Шабуыл салдарынан мыңдаған адам жарақат алды.
RBC телеарнасының мәліметінше, жақында шабуылдан 20 жыл өткен соң лаңкестік әрекеттен қаза тапқан тағы екі адам анықталды. Қайтыс болғандардың шамамен 40 пайызы немесе 1106 адам кім екені әлі белгісіз.
Егіз мұнаралардың орнындағы қалдықтар сегіз ай бойы жиналды. Кейін Дүниежүзілік сауда орталығына жаңа ғимарат салынды, оның биіктігі қазір 541 метр, бұл АҚШ-тағы ең биік ғимарат. Сонымен қатар, бұл жерде мемориал мен мұражай ұйымдастырылды. Ал Пентагонның қираған бөлігін қалпына келтіруге бір жыл кетті.
Бүгінде бұл лаңкестік әрекеттердің ашылмаған сыры көп. АҚШ президенті Джо Байден 2001 жылғы 11 қыркүйектегі террорлық шабуылдарға қатысты бірқатар құжаттың құпиялығына шолу жасау туралы жарлыққа қол қойды. Талдау аяқталғаннан кейін Америка Құрама Штаттарының бас прокуроры оның нәтижелерін президентке және Конгресстің барлау комитеттеріне ұсынуы керек. Осылайша АҚШ шабуылдар туралы мәліметтерді ашуға ниетті.
Ақпарат көзі: Tengrinews.kz