Батырханов Раджан Армияұлын еске алу
Главные вкладки
Осыдан 27 жыл бұрын, 1994 жылдың 28 қыркүйегінде тәжік - ауған шекарасында қазақстандық Раджан Батырханов ерлікпен қаза тапты. Бұл қазіргі Қазақстан тарихында соғыс қимылдары саласындағы әскери қызметшінің алғаш қаза болуы. Жігіт небәрі 19 жаста еді, ол өз әрекетімен заставаның жауынгерлік тапсырмасын орындауды қамтамасыз етті және үлкен шығынға жол бермеді, бірақ өзі аман қалмады.
Сол оқиғалардың қатысушысы, Қазақстан Республикасы соғыс қимылдары мен шекара әскерлерінің ардагері, батальон командирі болған отставкадағы подполковник Алексей Володин, Раджан Батырхановтың «Халық қаһарманы» атағына лайық екенін айтып өзінің жеке парақшасында айтты.
Тәжік-ауған шекарасында болған қақтығыстардың бірінде ҰҚК Шекара қызметінің сарбазы Р.Батырханов қаза тапқан еді. Бүгінде еліміздің шығыстағы шебінде батыр шекарашының атында шекара бөлімшесі бар. 1994 жылы «Шыңдығатай» деп аталған сол кездегі шекара заставасында өзінің Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жерінен өз еркімен тәжік-ауған шекарасына аттанған Раджан көрсеткен ерлік пен жанқиярлық үлгісі үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
1993-2001 жылдар аралығында қазақстандық шекарашылардың міндетіне тәжік-ауған шекарасының 70 шақырымдық аумағын күзету жүктелген болатын. Бұл – Калай-Хумб шекара отрядының «Мост», «Микрон», «Джавай», «Кеврон», «Плато» және Висхар шатқалындағы шекара посттары еді. Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің «ТМД-ның тәжік-ауған учаскесіндегі сыртқы шекарасын қорғауды күшейту туралы» 1993 жылғы 15 сәуірдегі қаулысына сәйкес, мұнда 2001 жылға дейін ҰҚК Шекара қызметінің 24 батальоны ауысты.
Осы жылдар аралығында тәжік-ауған шекарасында барлығы 48 қазақстандық әскери қызметшілер қаза тапты. Ал ең алғашқы шайқас 1994 жылдың 28 қыркүйегінде 200 қарулы моджахед Хары ауданының аумағына шекараны бұзып кірмек болған кезде басталған еді. Олардың жолына 38 қазақстандық және ресейлік шекарашы қарсы тұрды. Кіші сержант Раджан Батырханов өзінің пулеметімен моджахедтерге оқ жаудыру арқылы өз бөлімшесіне жауды тыл жағынан соғуға мүмкіндік жасайды. Алайда шекарашыларға көмек тым кеш жетеді де, ауыр жараланған Раджан лазаретке апара жатқан жолда қайтыс болады...