Алматы облысында арбаға таңылған кәсіпкер қой фермасын ашты
Главные вкладки
Алматы облысында ерекше қажеттіліктері бар кәсіпкер Рахат Қадырбеков мемлекеттік грантты жеңіп алып, қой фермасын ашты.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 583 мың теңгелік (200 АЕК) грантқа 12 қой сатып алып, ауласында өсіріп отыр.
Рахат Қадырбеков 31 жаста. Қарасай ауданы Көкөзек ауылында тұрады. Жол-көлік апатының салдарынан бес жасында мүгедек атанып, сол уақыттан бері арбаға таңылды. Алайда өмірдің қиындығынан сүрінбей өтіп, қайсарлығы мен батылдығын көрсетті. Ақпараттық технологиялар бойынша маман атанып, бірнеше жыл жеке компанияның бірінде веб-маман болып жұмыс істеді. Сондай-ақ бейнемонтаж негіздері бойынша үш айлық курсты оқып шықты.
«Көптеген компаниялардың кеңселері арбадағы адамдар үшін бейімделмеген соң, олардың жұмысқа алуға мүмкіндігі жоқ. Мен үнемі қозғалыста болғым келді, белсенді түрдегі жұмыс ұнайды. Ұзақ уақыт бойы жұмыс іздеп, өз бизнесімізді ашу ең оңтайлы іс болады деп шештім. Аудандық кәсіпкерлер палатасына жүгініп, онда маған жан-жақты кеңес беріп, мемлекеттік қолдау шараларымен таныстырды. Ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың табысты кәсіпкер атанып жатқанын жеткізді. Табысты оқиғалар мені шабыттандырып, жеке кәсібімді ашамын деген үміт сыйлады. Осылайша «Бастау бизнес» оқыту жобасына жазылып, оқуды аяқтағаннан кейін 200 АЕК көлемінде грант ұтып алдым», – дейді кәсіпкер.
Рахат грант қаражатына ұсақ мал басын сатып алып, қазір 12 қойды өз ауласында бағып жатыр. Алдағы уақытта жылқы сатып алу жоспарда бар. Бау-бақшада жоңышқа өсіреді. Барлық іске Рахатқа жақындары көмектесіп келеді.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасы бойынша 3,1 мыңнан аса жұмыссыз және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер оқытылды. Өткен жылдары аяқтағандарды ескере отырып, жоба бойынша оқытылғандардың ішінен 1695 бизнес-жоба мемлекеттік бағдарламалар бойынша гранттық қаржыландыру мен жеңілдетілген несие алды.