Соғыс пен шығын
Главные вкладки
Ресейдің Украинаға әскери шабуылмен соғыс ашуы соңғы күндердің негізгі жаңалығына айналып тұр. Әлдекімдер үшін соғыс ермек болса, қарулы қақтығыстың ортасында жүрген жұртшылыққа майдан – тағдырдың тауқіметі іспетті. Ал, туған жерінің астаң-кестеңін шығарған басқыншыларға қарсы аттанған ерлердің әрекеті Отан қорғаудан өзге ештеңе емес.
Қалай болғанда да ауыртпалық түскен елдің бейбітшілік сүйер толқыны – сәбилер мен қарттарға амандық тілейміз, соғыс өртінің зардабы орасан екендігін еске салғым келеді.
Жалпы, әлемдегі соғыстардың барлығы адамзатқа зор шығын әкелгені тарихтан белгілі. Мысалы, өткен ғасырдың ішіндегі Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстардың шығынын Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандары 1945 жылы арнайы есептеп шыққан. Сонда қос майданға 4 триллион 700 миллиард долларға жуық қаржы жұмсалғаны анықталыпты. Оның ішінде 1939-1945 жылдар аралығында өткен Екінші дүниежүзілік соғыстың шығыны 4 триллион доллар екен. Сол себепті Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихындағы ең үлкен қырғын саналады. Оған әлемнің 61 мемлекеті қатысып, қан майданның қақ ортасына 110 миллион адам түскен. Өкініштісі осыншама жанның тең жартысы ұрыс алаңынан оралмаған.
Сол жылдары әлемді назарына аудартып, фашизмге қарсы шыққан КСРО атты алпауыт мемлекет сол кездің есебімен 128 миллиард доллар шығынға ұшыраған. Қалалардың қирағаны соншалық 32 мың кәсіпорын жұмысын тоқтатып, теміржолдың тең жартысы жарамсыз болып қалған. Әскери шығынның ұлғайғаны соншалық 1944 жылы жылдық табыстың 55%-ы майданға жұмсалған. Әскери өндіріске кеткен 93 миллиард долларға 120 мың шабуылдаушы ұшақ, 90 мың танк, 360 мың зеңбірек, 300 мың миномет және 482 мың түрлі қару-жарақ жасалыпты.
Адольф Гитлердің астамсынған пейілімен әлемге қару кезенген Германия мен оның одақтасы Жапония сұм соғысқа 422 миллиард доллар жұмсапты. Осыншама қаржының қару-жараққа жұмсалған 212 336 миллиард долларына 104 мың ұшақ, 65,1 мың танк, 174,5 мың зеңбірек және 82 мың миномет жасалған. Екінші дүниежүзілік соғыс Германияның ұлттық табысының 68%-ын жұтқан.
Мұхиттың арғы бетінде жатып, Еуразия құрылығындағы қан майданға қатысқан АҚШ Екінші дүниежүзілік соғыстан бар-жоғы 1,3 миллиард доллар жоғалтыпты. Әлемдегі мемлекеттердің көпшілігі қару-жарақты Ақ Үйден сатып алғандықтан Американың ішкі саудасының деңгейі 1939-1945 жылдар аралығында 4,5 есеге өсіп, әскери зауыттар 296,1 мың ұшақ, 86,5 мың танк, 253 мың зеңбірек және 11 мың миномет құрастырған. Осының өзінен-ақ реті келсе саясатты саудаға айналдырып жіберуге болатынын көруге болады.
Ал, ағылшындар Екінші дүниежүзілік соғыста ауыр шығынға ұшырап, Ақ Үйге қарызға әбден кірген. Ең сорақысы қару-жарақ қарызын Лондон 2006 жылы ғана қайтарып біткен. Ал, кейбір қаржылай қарызы үшін Англия Ямайка, Багам және Кариб теңізіндегі аралдарды АҚШ-қа қайтарымсыз беруге мәжбүр болған.
Міне, бір ғана соғыстың зардабы мен шығыны әлем жұртшылығына осылай әсер еткені бүгінгі күні жария болып отыр. Соңғы аптаның ішінде Украинаға басып кірген орыс әскерінің шабуылына ұшыраған халықтың зар мен мұңы бәріміздің ұйқымызды бұзғаны анық. Сұм ниеттің қысқа уақыттың ішінде тыным тауып, қанды қақтығыстың тез тоқтауына тілектеспіз, енді соғыс болмасын!
Содан бері елімізде де экономикалық тұрғыдан бірқатар келеңсіздер белең алып барады. Доллар бағасы алғашқы оқ атылған күні күрт өсіп шыға келсе, Алматыдағы қара базардағы киім-кешектің құны қымбаттап жатқаны әлеуметтік желілерде айтылуда. Бұл Қазақстанның Еуразиялық Одаққа мүше болғандығының әсері. АҚШ пен Еуродақ салған санкция мен шектеудің бізге де тиіп жатқанының белгісі. Әрине, бағаны өсіріп жатқан өзге емес сауда-саттықты табыстың көзіне айналдырған өз ағайынымыз. Бұған идеологиялық тәрбиені бетімен жіберген Үкіметтің үлесі жоқ емес.
Шынында қазір ел ішінде сауданың жабайы түрі белең алып кетті. Мысалы, өзі сатқан тауардың тезірек өтіп кетуін тілейтін кәсіпкерлер бір сөренің бойында қатар тұрған әріптесінің саудасы жүргенін көре алмайды. Негізі адал сауда-саттықтың шартында әлеуметтік жауапкершілік алдыңғы орында тұрады. Осыны ұғынбаған немесе ұғынғысы келмейтін жұрт өзгені күндейді, орынсыз қызғанады. Қолындағы ақшасын еселеп өсіруге ұмтылып, заттың бағасын орынсыз өсіреді. Оның зардабын тартатын басқа ешкім емес өзіміз.
Осыдан бірер жыл бұрын Талдықорғандағы жұмыртқа бағасының өсуіне байланысты журналистік зерттеу жүргіздік. «Аққұс» тауық фабрикасынан 10 теңгеден шығатын өнім орталық базарға жеткенде 25 теңге болатынын естіп, таңғалмасқа әддіміз қалмады. Сөйтсек, арада жүретін делдалдар фабрикадан алған жұмыртқаны қаладағы сатушыларға жеткізіп берген үшін 10 теңге қосып сататыны белгілі болды. Ал, тікелей тұтынушыға ұсынатын сатушы еңбегіне 5 теңге қосуға мәжбүр. Арадағы 10 теңгені еншілеуші мемлекетке салық төлемейді немесе мұқтаждардың қажетін өтемейді. Содан келіп арада теңсіздік пайда болады.
Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құзырлы органдарға Алматы қаласының іргесіндегі «Алтын орда» базарын тексеруді тапсырды. Тексерудің нәтижесінде алыпсатарлықты кәсіп еткендер миллиардтаған теңгені салықтан жасырып келгенін анықталды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатқандықтан толық мәліметтен хабарсызбыз. Алайда бір анығы артынан қалмай баққан өрістегі малын «Алтын ордаға» әупірімдеп жеткізген қарапайым малшының адал сойған етін босағадан арзанға бағалап алғандар ары қарай сауданың көрігін қыздырып, қымбатқа сатады. Бұл әділеттілікке жатпайды. Осыны жақсы ұғынған мемлекет басшысы жылдар бойы жымысқы әрекетке барғандарды тыюды ойластырғандай.
Жалпы осындай келеңсіздіктердің соңы кәсіпкерлер қауымына сабақ болуы керек деп есептейтін. Себебі, әлдекімді алдап немесе жылатып алған малдың, пұлдың құны көк тиын. Ондайды қазақ «қуғынмен келген сүргінмен кетеді» деп ескертеді. Расында солай. Сауда қаншалықты адал болған сайын одан түскен табыстың берекесі баянды болады. Ал, осындай қарапайым қағиданы адам басына тимей түсінбейтіні өкінішті. Американың 26-шы президенті Теодор Рузвельттің: «Ақымақ өзінің қателігінен, ақылды өзгенің қателігінен сабақ алады» – деген сөзі бар. Ендеше Ресейдің басқыншылығы бізге үлкен сабақ болуы тиіс.
Қазірдің өзінде экономикалық қысымның әсері еліміздегі доллар бағасына әсер еткені байқалып отыр. Осыны тиімді пайдаланып қалғысы келетіндер автокөліктің бағасын АҚШ долларымен есептеуге кірісіп-те кетті. Отқа оранған үйге бас үйтіп алғысы келетіндер қай заманда да болған. Ондай ниеттен сақтасын, өзімізді түземей қоғам түзелмейтінін, мемлекет дамымайтынын ұғынатын уақыт келді, ағайын!