Ұлт әлсіздігі неде?

Главные вкладки

Feb 26, 2019 / 0 комментарии

       Өз ойым...

        Сіз сенесіз бе? Қазақ жастарының арасында да кәрі мен жас жастанып оқитын «Махаббат қызық мол жылдар», қазақтың кесек қасиеттерін, ұлттық нақышын айғақтайтын «Абай жолы» романын білмейтін адамдар да бар екен! Бұны біз сияқты қазақ халқының діліне сай, қазақ тәрбиесімен қанымыз қозғалған қазақ баласы үшін бұл мәселе үлкен жауапкершілікті талап етеді, ал өздері үшін таң қаларлық емес. Өзінің байлығымен тарихта аты қалған кімді көріп едіңіз. Тәрбиелік мәні бар мол мағлұматты ақ қағаз бетіне түсіріп мол байлық қалдырған «бай адамдар» тарихта молшылық... Міне, байлық! Мен өз ойымды айтып отырмын, сол міндерін білсе екен деймін, бірақ, олар газет-журнал оқымайтын «сауаттылар» ғой. Оны сіз бен біз сияқты ділін, дінін, тілін сүйетін азаматтар ғана оқырымыз хақ.

         Бірде бір танысымызды кездестіріп қалып, оны көргенде қасымдағы құрбым  (ақыры осы «неме» қазақша түсінбейді деген болу керек) орысшасын ала жөнелді. Ара-арасында сөздеріне мен де қосылып қоямын (әрине мен ол кезде қазақша сөйлеймін). Әңгімеміз қыза түскенде мен айттым: – Ақыры өңшең қазақтар отыр екенбіз қазақша сөйлейік те, -  дедім. Бұл тақырып төңірегінде біраз дау-дамай болды. Ол қазақ тілін білмей-ақ қойса болатынын айтып әлек, мені ұлтшылсың деп айыптайды, ал мен қазақ болғансын қазақша сөйлеуін талап етемін. Менің сөздерім шымбайына тиіп кетті ме ақыры соңында құрбымның досы мен қазақ емеспін деп құтылды. Қысқасын айтқанда өзін-өзі қазақ емеспін деп ұйғарды. Осылай ойлаудың өзіне жүрекке түк керек. Осыны қорықпай, намыстанбай айтқан не деген «батыр» еді десеңізші, Біз оны қазақ емес деп шешкенмен оның ағып тұрған қан тамырының бәрі «Мен қазақпын!» деп тұрса не істейміз!? Әттең, осындайларға әке-шеше құқығынан айырған сияқты ұлт құқығынан айыратын бірнәрсе болар ма еді!

          Мүмкін аралас неке шығар деп сеніңкіремей былай шыққансын құрбымнан: - Әлгі қазақ па? – деп сұрасам,

 -«Қазақ»,-  дейді.

       Тарихта ажал алақанында тұрып, өзіне нендей қастық бұйырарын біле тұра «Мен қазақпын!» деп өлген қаншама қазақ баласы бар еді. Ал әлгі, небәрі менің алдымда тұрып қазақ емеспін деуі не? Ол меннен қорыққан жоқ қой. Бұл тайсақтық, жасқаншақтық, ұсақтық, тайғанақтық, жауапсыздық. Мен тірідей өлдім. Мұхтар ағамыз айтқандай өз пікірі жоқ еркектен қашанда қорқу керек! Әттең ақын ағам сияқы «қаламым, қарымым» болса өлеңнен оқ жонып, атар едім! Ақын ағамның тілімен айтқанда мұндай «телпектер» қоғамға қашанда қауіпті. Екі талай басыңа күн туғанда Отырардың қақпасын ашатындар да осылар. Жау арамызда, бұл жердің өтін табу мәселесінен де күрделі.

          Қауіпті дейтінім, бүгін бұл туған тілін мойындамай отыр, ертең дүниеге оның ұрпағы келеді, сонда оған не айтады. Бұл бүгін шала қазақ болып жүріп, тегін, тарихын әкесінен сұрап алмады, әкесі айтса да құлағына ілмеді. Бұның баласы өсіп, қашан есі кіріп тарихын сұрағанға дейін  әкесі де өмірден өтер. Мүмкін баласы да жат ұлттық болып өсер. Мүмкін емес шыны сол «не ексең соны орасың» дейді, арпа егіп бидай шыққанын көріп пе едіңіз? Сөйтіп бұл өмірден бір тарих та үзіледі. Мен мұндайларды мүсіркеймін. Мейлі ол орыс болсын, неміс болсын өз ана тілін білмеу -  мәңгүрттік. Жер бетінде қанша тіл болса солардың бірі бір апта сайын жоғалып отырады екен. Бұл ұлт әлсіздігі.  Демек, тілдің де өлуі мүмкін екенін әркім түсінуі керек. Тілдің жоғалуының астарында ұлттың да жоғалуы бар. Тілін білмейтін әр адам өз ұлтынан осылай бас тарта берсе біздің күніміз не болмақ?  Қазақ деген ұлы халықтың ұрпағы өз ұлтынан саналы түрде бас тартатын сіздей әкеден тарайтыны мені қынжылтады. Қазақтың жігіттеріне тән ұлылық қайда, мәрттік қайда, даралық қайда? Мен оған айтарымды барынша түсіндіріп айтқанмын, содан бір нәтиже шығарар деп зор үміт күтемін. Жер бетінен ұлт жоғалмасын десек, тілімізді сүйейік, қастерлейік!

 

                                                                                                                                                                                                                              Майя Құттықбаева, мұғалім.