Прокурорлар, полицейлер және жеке сот орындаушылары күш біріктірді
Главные вкладки
Қарасай ауданында 11 наурыздан «Борышкер» акциясы бастау алды. Оның аясында құқық қорғаушылар жеке сот орындаушыларымен бірлесе жұмыс жүргізбек. Атап айтқанда, алдағы бір ай ішінде туған баласының алдындағы жауапкершілігінен жалтарып, мемлекеттік салық төлеуден қашып, әкімшілік айппұлдарын төлеуге асықпай жүргендер қатаң бақылауға алынады.
Алдымен ортақ мүддеге жұмылғандар аудандық прокуратура ғимаратында бас қосып, қолға алынатын іс барысын талқылады. Алматы облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Қ.Пилалов, облыстық Прокуратура басшысының орынбасары Ж.Тлеуберлинов, облыстық жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының төрағасы А.Қасымберкебаев, аудандық әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Е.Қалдыбайұлы бастаған тәртіп сақшылары мен заңгер-мамандар статистикалық деректерді анықтап, алдағы мақсат-міндеттер төңірегінде әңгіме қозғады. Көп ұзамай ақ, арнайы құрылған жұмыс тобы қажетті мекенжайларды бетке алды.
Алматы облыстық жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының төрағасы Аян Тәңірбергенұлының сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда өндірісте облыс бойынша 15 мыңға жуық алимент төлемей жүрген борышкерлер бар. Солардың үш мыңға жуығы проблемалық. Яғни, не өз перзентін керек қылмай, не заңды елемей жүрген жауапсыз азаматтардың ісі. Бір айға созылатын рейд жұмысы алдымен Қарасайдан басталып өзге де аудандарда жалғасын таппақ.
Алматы бойынша сот орындаушылары мемлекет пайдасына өндірілетін өндірістерді орындаудан бірінші орында тұрғанымен, мүлік салығынан жалтарғысы келетіндердің де тізімі жасалған. Бірлескен іс-шараны ұйымдастырушылар алдағы уақытта олардың саны біршама қысқарады деген сенімде.
Ал, өз кезегінде әкімшілік полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Ерлан Қалдыбайұлы осы кезеңде 380 әкімшілік айыппұлға қарыз борышкер бар екенін алға тартып, акция кезінде күш біріктіре отырып, жақсы нәтижеге қол жеткізуге мүдделі.
Тәжірибелі жеке сот орындаушысы Дамира Абеновада қазіргі таңда 2000-нан астам өндіріс ісі болса, соның жүз шақтысы алиментке қатысты. Акцияның алғашқы күні солардың бірнешеуінің есігін қақты. Оның айтуынша, ер азаматтар көбіне баласына ай сайын аударуы қажет қаражатты жұмыстың жоқтығын сылтауратып төлемейді. Ондайларды сот орындаушылары тіпті жұмыспен қамту орталықтарына хат жазу арқылы мәлімет беріп, еңбекпен қамтуға ықпал ете алады. Дегенмен, борышкерлердің оған да келіскісі жоқ. Қолдарына ұстатып кеткен шақырту қағаздарын елемейді де, өз әкелік міндеттерін еске алып, төбелерін көрсетпейді де. Бірақ, олар бәрібір де заңнан қашып құтылмасы анық.