Жамбылдағы Наурыз

Главные вкладки

мар 18, 2019 / 0 комментарии

Ұлыстың Ұлы күнін мерекесі ауданымызда кең көлемде аталып өте бастады. Мысалы, Жамбыл  ауылындағы  №2  орта  мектепте ұйымдастырылған мерекелік бағдарлама аясында – ұлтымыздың   салт-дәстүрлерінен  үзінді көрсетіліп,  халықтың төл өнері насихатталды деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.

 Салтанат ауылға  қонаққа  келген  сал-серілерді  қарсы  алумен  бастау  алып,  жылқымен   сахнаға   шыққан  Қыдыр баба көрінісімен  жалғасын  тапты. 

-        

 Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті Наурыз жасампаздықтың жарқын жолымен жүріп келе жатқан елімізге жаңа жетістіктер, әр шаңыраққа ынтымақ пен шаттық, бақыт пен молшылық әкелсін,- деп мектеп  директоры  Шолпан  Айтқұлқызы ауыл  тұрғындарына  құттықтау сөзін арнады.

Мектеп  оқушыларынан  құралған,  бірнеше  облыстық,  республикалық  спорттық  жарыстардың  жеңімпаздары  «Жеңіс» таэквондо  клубы өз өнерін  көрсетіп,  көрерменді  тәнті  етсе, мектеп  ұстаздары  ұлтымыздың   «Сырға салу»  дәстүрін  сахналап,  көрермен   көңілінен  шықты.  

Іс-шараға  Қарасай   ауданы  білім бөлімінің  бас  мамандары   Б.Абишева  және  А.Еркинбаева, «Қазақ  тілі»   қоғамының  төрайымы  Шара  Қанатқұлқызы,  «Менің  Президентім»  кітабының  авторы,  ұлағатты   ұстаз   Ақлима  Рахымбердіқызы, Жамбыл  ауылдық  округінің  ақсақалдар  кеңесінің  төрағасы  Амангелді  Қосақбайұлы және  Жамбыл ауылдық   округінің бас  имамы  Марат  Әмірұлы қатысып отырды. Сондай-ақ, «Топжарған»   этно-өнер орталығының  директоры  Ғабит  Бердібайұлы,  «Сазген сазы»  ансамблінің  солисті  Саят  Нұрғазин де ортадан табылып,  іс-шараға   өз  бағаларын  берді. 

         Бұдан бөлек, мерекеге  қонақ  болып келген,  ҚР  мәдениет қайраткері Сәуле Қаниева  халық  күйлерін  орындап,  көрермен  ризашылығына бөленді.  Концерттік  бағдарлама мектеп  оқушылары  мен  ұстаздарының  орындауындағы   халық және дәстүрлі  әндермен  жалғасын  тапты.              

  Ұлттық болмыс пен  салт-дәстүрді  ерекше  айшықтап  көрсете  білген   іс-шара   жоғарғы  деңгейде  өтті деп бағаланды.