Қаскелеңдегі заңсыз құрылысқа кім жауапты?
Главные вкладки
Қаскелеңде белсенділер заңсыз басталған құрылыс нысанын анықтады, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
Таяуда танымал блогер Қуаныш Шаханов өзінің Куаныш LIVE ютуб арнасында «Қарасай ауданындағы бассыздық» деген тақырыпта видео жариялады. Бейнематериалда Қаскелең қаласындағы Байғазиев пен Жайықты көшесінің қиылысында салына бастаған көлік жуу орны туралы айтылды. Жалпы, бұл құрылыстың тиісті емес жерде мақсатсыз салынып жатқанын блогердің сұхбаттастары яғни, сол аумақтың тұрғындары да қолдады. Біріншіден, дәл жолдың бойында, үйлердің дәл жанында, мектепке дейінгі тәрбие мекемесінің қақ алдында бой көтере бастаған нысанның қарапайым жұртшылыққа келтірер кедергісі көп. Екіншіден, автожуу орны болған соң, ол жерге қаншама автокөлік келіп, арлы-берлі қатынаса, ол әлбетте балалар үшін қауіпті. Үшіншіден, тұрғындар бұл жерден қандай да бір ісін бастағысы келген кәсіпкер егер елге пайдам тисін десе, жаттығу залын салғаны жөн болар еді, жастар саламатты өмір салтына ұмтылар еді деген ұсыныс-тілектерін жеткізді. Бұдан бөлек, құрылыс аймағында нысан паспорты қойылмаған және ешқандай қауіпсіздік шаралары сақталмаған.
Ал, Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев бұл жердің өзі қала мэрі лауазымына кіріспей тұрып сатылып кеткенін мәлімдеді. Дегенмен, жер телімдерін кім, қайда, қаншаға сатса да, кәсіпкерлік нысандарының заңды салынуын қадағалау қажет емес пе? Әлде, қала әкімі жерді мен сатпадым деген жауапты желеу қылып, тұрғындардың жанайқайына құлақ аспай ма? Дәл осы жерге бейберекет құрылысты бастап кеткен кәсіпкердің көздегені не? Kaskelenkz алда бұл сауалдарға жауап іздеп көретін болады.