Қарасайлық еріктілер тәртіпке шақыруда
Главные вкладки
Президент биылғы жылды «Еріктілер жылы» деп жариялағаны белгілі. Ауданымыздағы танымал блогер Қуаныш Шаханов таяуда Қаскелең қаласының орталық көшелеріндегі автокөлік иелерінің тәртібі жайлы мәселе көтерген болатын. Яғни, жүргізушілер көлік құралдарын рұқсат етілмеген жерлерге, тіпті, жаяу жүргіншілер жолында қалдыра беруді әдетке айналдырған. Қарапайым азаматтың оқиға орнында полицейлерді шақырып, заңды белшеден басқандарды жазалатуы көпшілік арасында резонанс тудырды. Бірі блогердің ісін дұрыс десе, келесілер даттауға дайын тұрды. Дегенмен, бұл «тазалық» шарасынан талай адамдардың сабақ алғаны анық. Осылайша, аудандағы өзге де еріктілер бұл игі жұмысқа өз үлестерін қосып, редакциямызға видеолар жолдай бастады. Яғни, ешқандай жалақысыз, қоғам үшін уақыттарын қиып, көпшілікті тәртіпке үгіттеген жігіттер осылайша қоғамды адалдыққа, әділдікке шақырып, өскелең ұрпаққа түзу бағыт нұсқамақ. Осындайда, Назым Хикметтің: « Мен жанбасам лапылдап, Сен жанбасаң лапылдап, Біз жанбасақ лапылдап, Аспан қалай ашылмақ?» - деген өлең жолдары еске түседі. Себебі, «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайтыны» анық...