Қаскелеңдегі заңсыз құрылыстарға кім тосқауыл қояды?
Главные вкладки
Бүгінгі таңда ауданымыз бойынша заңсыз құрылыс нысандары бой көтеріп жатқаны жасырын емес. Тек аудан орталығы болып саналатын Қаскелең қаласын алып қарасақ та, талапқа сай емес ғимараттарды көптеп байқауға болады.
Солардың бірі шаһарымыздағы Төле би, 10 мекенжайында орналасқан мына құрылыс нысаны.
Төлқұжатына қарасақ, ғимарат коммерциялық нысан болып табылады және құрылысы 2019 жылдың 4-қазанында басталып, 2021 жылдың 4-ші наурызында аяқталады екен. Болашақта мұнда көлік жуу, медициналық орталық және кеңселер орналасады.
Сырт көзге қарағанның өзінде бұл нысанның талаптарға сай емес екенін байқауға болады. Оған қоса, бұл жерде көлік тұрағы да қарастырылмағаны көрініп тұр. Осы ретте біз Қарасай аудандық сәулет және қала құрылысы бөліміне осыған қатысты сауал жолдадық.
Арнайы орган берген ресми хатта былай делінген: «Жер телімін, қала құрылысы құжаттарына сәйкестігін тексеру нәтижесінде анықталғаны, Қаскелең қаласы, Төле би көшесі , 10-шы үй мекенжайы бойынша орналасқан жер телімі, Қарасай ауданы мәслихатының 2020 жылғы 9 ақпандағы №51-4 шешімімен бекітілген Қаскелең қаласының Бас жоспарына сәйкес, Төле би көшесінің «қызыл сызығына» түседі.
Ал Төле би көшесі 8 үйде орналасқан ғимарат құрылыс жүргізу талаптарынан ауытқумен жүргізіп жатқандығы анықталды.
Сонымен қатар, жақында бой көтерген Өмірәлі – Төле би көшелерінің қиылысында орналасқан бизнес-орталығының маңында бастапқыда автотұрақ қарастырылмаған. Дегенмен, аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі берген жауапта «бұл нысанға Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің 2015 жылғы №750 бұйрығымен бекітілген Ережеге сәйкес құрылыс жобаларын әзірлеу үшін бастапқы материалдар берілгендігін растайды» делінген. Яғни, бұл құрылысты салуға рұқсат берілді деген сөз. Демек, сыртында автотұрақ қарастырылмаған сауда орталығына келген көліктер қайда тоқтайды? Ал көлігін дұрыс қоймаған жүргізушілер айыппұл арқалап кетпесіне кім кепіл?
Арнайы органдар заң мен талапқа қайшы салынып жатқан құрылыстарға тосқауыл қоя ала ма екен, оны уақыт көрсетеді...
Нұргүл Әлменбетова