Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс айту күнімен құттықтауы
Главные вкладки
Қымбатты отандастар!
Алғыс айту күні Қазақстан халқының бірлігін паш етеді, мейірімділіктің, өзара көмек пен жақсылықтың жаршысы болып саналады.
Көктемнің алғашқы күнінде – тіршілік атаулы жанданып, жер-дүние жаңаратын кезеңде атап өтілуі бұл мерекеге ерекше сән береді.
Бүгін біз қазақ халқының рухани ерлігі мен еліміздегі барлық этностардың басына түскен ауыр сынақтарды еске алып қана қоймай, келешекке зор сеніммен қараймыз. Қазақстан қоғамының келісімі мен татулығы – сол жарқын болашақтың берік іргетасы.
Коронавирус пандемиясына тойтарыс беру кезінде де біздің бірлігіміздің маңызы айқын көрінді. Қазақстандықтар мемлекетіміздің тұрақты дамуына қауіп төндірген жаһандық сынаққа ел болып жұмыла қарсы тұрды.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығында өрлеу мен өркендеуге бастайтын жол адамгершіліктің айнымас қағидаларына, толеранттылық принциптеріне, төл тарихымызға құрмет пен ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке негізделетінін тағы бір мәрте айғақтап отырмыз.
Барлық қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Баршаңызға мол игілік, мықты денсаулық, тыныштық пен бақ-береке тілеймін!