Шырша жанындағы шағын мереке
Главные вкладки
Жаңа жыл – жай ғана уақыт өлшемі болғанымен, адамар оған үлкен үміт артуды әдетке айналдырған. Сол себептен де, Тәуелсіздік тойынан кейін ұйымдастырылатын шырша жағу рәсімін жер-жерлерде кішігірім салтанат ретінде атап өту дәстүрге айналған.
Осы үрдіс Қаскелең қаласында ұмыт қалған жоқ. Мерекеге аудан әкімі Жандарбек Далабаев та арнайы келіп, жиналғандарға жақсы тілегін білдірді. Өтіп бара жатқан жылдың табысты аяқталғанын сөз етіп, қарасайлықтарды алда да береке-бірлікті ту етіп, еңбек етуге шақырды.
Биылғы шырша жағу салтанатының ерекшелігі – оның орталық алаңда емес, аудандық мәдениет үйінің алдында ұйымдастырылуы. Аудан әкімі оның себебін, мерекелердің мәдени ортаға жақын жерде өткені жөн болатындығымен түсіндірді.
Дегенмен, бұл өзгерістен беймәлім болған бірқатар қала тұрғындары шараның өткенін әлеуметтік желілер арқылы біліп, бара алмай қалғандықтарына, қаскелеңдіктер жеткілікті деңгейде хабарландырылмағанына өкініштерін білдіріп жатты.
Жалпы, өнер ордасының алаңы бұл күні әдемі безендірілді. Ал, мәдениет үйінің қызметкерлері мен аудан өнерпаздары ертегі кейіпкерлерінің бейнесіне еніп, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Салтанат аудан әкімі тарту еткен от-шашумен түйінделді.