Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өз үйіңе жол ашады
Главные вкладки
Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі – тұрғын үй құрылыс жинақтар жүйесін жүзеге асырып отырған еліміздегі жалғыз банк. Қаржы мекемесінің акционері – «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» болып табылады. Аталған банктің 3 жыл бұрын мемлекеттік бағдарламаларға қолдау ретінде іске қосқан «Өз үйім» жобасы банк салымшыларына құрылыс салушылар ұсынатын жаңа үйлерді нарықтағыдан төмен бағамен алуға мүмкіндік береді. Бұл бағдарламаның басты артықшылығы – оған кез-келген адам қатыса алады және меншігінде басқа үйдің болуына да рұқсат етіледі.
«Өз үйім» арқылы ауданымызда өз шаңырағына ие болғысы келетіндер, тіпті, қоныс тойын тойлап қойғандар да баршылық. Ол жайында бүгін банк өкілдері өткізген пресс-тур барысында белгілі болды.
Қаскелеңдегі тиімді шартпен қолжетімді нысандардың бірі – «Алатау Ажары» тұрғын үй кешені. Мұндағы көпқабатты үйдегі 40 пәтер түгелдей дерлік өз иесін тауып үлгерген. Олардың 22-сі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларының еншісіне тиген. Шаңырақ шаттығын сезінгендердің бірі – Нұрсәуле Оразғазықы. Ол бұл кешеннен кеңейтілген бір бөлмелі баспананы несиеге рәсімдеп алған. Бірнеше жыл жалдамалы пәтерді паналап жүрген отбасы бүгінде өз үйлерінің пайда болғанына дән риза.
39 шаршы метрден бсталатын пәтерлердің әр шаршы метрінің құны 180 мың теңге. Бір және екі бөлмелі үйлердің құрылымын еркін жоспарлау мүмкіндігі бар. Несие жылдық 7 пайыз мөлшерлемемен беріледі. Ең төменгі бастапқы жарна үй құнынының 20 пайызына тең. Несие мерзімі – 25 жыл. Қазіргі таңда нысан жанынан тағы бір тұрғын үй бой көтеруде. Келешекте ондағы пәтерлер банк салымшыларына тиімді шарттармен ұсынылатын болады.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Өз үйім» жобасы аясында 13 көп бөлмелі пәтерлерді қолданысқа бергелі отырған тағы бір нысан Қаскелең қаласының оңтүстік бөлігіндегі коттедж қалашығында орналасқан. Мұнда барлығы жеті таун-хаустың әрқайсысы 105 шаршы метрден басталатын бес бөлмелік үш үйден тұрады. Әрбірінің жеке-жеке шағын жер телімдері, бөлек құжаттары бар. Үйлердің бір шаршы метрі 120 мыңға бағаланған. Әрине, бұл баға сөзсіз, баспана нарығындағы өте тиімді баға, әрі нысанның орны қаланың тынымсыз тіршілігі мен шуынан оңашалануды қалайтындар үшін өте ыңғайлы екені бірден байқалады. Дегенмен, түс пен түр талғамына талас жоқ дегендей, шаңырақ шаттығын шалқыту орнын таңдау – тұтынушының өз еркінде.
Сөз соңында биылғы жылдың басынан бері банктің Алматы облыстық филиалы 10 млрд теңге сомасында несиелер берсе, оның ішінде 700 млн «Өз үйім» бағдарламасы аясында үлестірілген. Ал, 2019 жылы аталған бағдарлама бойынша 200-ден астам пәтерді қолданысқа беру жоспарлануда.