«Арқарлы» петроглифтері мемлекет қорғауына алынбақ

Primary tabs

Jun 09, 2021 / 0 comments

Кербұлақ ауданындағы «Арқарлы» петроглифтері мемлекет қорғауына алынбақ,- деп хабарлайды kaskelenkz тілшісі.

Бұған дейін, әлеуметтік желілерде петроглифтер қиратылып жатыр деген бірнеше жазба жарияланған болатын. Бұл мәселені ауыл тұрғындары да бірнеше жыл көтеріп келді. Биыл халықтың өтініші ескеріліп, бұл сауал Үкіметте қаралып, шешімін тапты. Бұдан былай, Арқарлы петроглифтері мемлекет қорғауында болады. Ескерткіш тастарды кешенді зерттеу мақсатында Алматы облысының бюджетінен қаражат бөлінді. Мамыр айынан бастап, облыстық әкімдік пен Әлкей Марғұлан атындағы археология институтынының мамандары Арқарлы петроглифтеріне зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

«2017 жылдан бері тастар арнайы бақылауға алынып, қоршалған. Ол маңда қазу, қопару жасалмады. Иә, аталған аумақ жеке компаниялардың иелігінде. Болашақта дәл осы тарихи суреттер табылған аумақты мемлекет иелігіне қайтарып аламыз. Құрылыс зауыттарының иелері   бұған дейін жер кадастрі бойынша аймақта ешқандай тарихи жәдігер орналасқаны туралы мәлімет болмағанын айтады. Ал тастар тұрған жерге тиіспеген. Кәсіпкерлер ол аумақты мемлекетке тегін қайтарып беруге де келісті. Әзірге, Арқарлы асуында анықтау-барлау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін жұмыстың 70 пайызы аяқталды»,  - дейді Алматы облысының мәдениет және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев. 

Жалпы, Арқарлы асуынан табылған тастардың тарихы тереңде жатыр. Археологтардың айтуынша, тастағы суреттер 3000 мың жыл бұрын салынғанын алға тартады. Яғни, мамандар Малайсарыдағы сілемдерді темір немесе қола дәуіріне жатқызып отыр. Тастарда, сол заманның тыныс-тіршілігі бейнеленген. Тау етегіндегі жартаста  көптеген жабайы және үй жануарлары, аң аулау көріністері және адамдар бейнеленген. Үлкен иілген мүйіздері бар муфлондарды, арқар, бұғы, қасқыр немесе тау ешкісі, садақ ұстаған аңшыларды көруге болады. 

«Археологтар бұл аумақта 20 петроглиф тас бар дейді. Алайда мен, мұнда ол тастардың 4 есе көп екеніне сенімдімін. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде әзірге Арқарлы асуында петроглиф тастардың 10 үйіндісін, 500 тас және онда бейнеленген 2000 мың жуық суретті таптық. Біз, тарихи жәдігерлерді зерттеуді жалғастыра береміз. Арқарлы петроглифтеріне зерттеу жұмыстарын толықтай қыркүйек айында аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз.», -   Ә. Марғұлан атындағы археология институтынының  археологы Александр Горячев.

Әзірге, табылған петроглифтерді құжаттандыру жұмыстары жүргізіліп, бұл аумақтар Кербұлақ ауданының жер бөлімі базасына енгізілуде. Егер, петроглифтер табылған жерлердің жекеменшік иесі болса, сол телімдер мемлекет меншігіне қайтарылмақ. Ал, Арқарлы петроглифтері Алматы облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіледі.

Айман Асыл