«Бақытты отбасы» бағдарламасы кімдерге баспана сыйлайды?
Primary tabs
«Бақытты отбасы» бағдарламасы табысы төмен азаматтардың үйлі болуына мүмкіндік береді. Алғашқы жарна тұрғын үй құнының 10%-ы, мөлшерлеме - 2%. Несие 20 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Сондай-ақ бастапқы жарнаға көмек ретінде мемлекет тарапынан 1 миллион теңгеге дейін субсидия қарастырылған. Ауданымыз бойынша 17 шілдеден құжат қабылдау басталды. Бағдарламаға көпбалалы, толық емес отбасылар және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады.
Бұдан бөлек бағдарламаға қатысу үшін сіз ең әуелі әкімдікте баспана кезегінде тұруыңыз шарт. Егер осы талаптарға сай болсаңыз, әкімдіктен жолдама аласыз.
Әкімдік жолдама берген соң «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» барасыз. Банктің де өз шарттары бар.
Ауданымыздың тұрғыны Зулфия Омарова да осы «Бақытты отбасы» бағдарламасына «толық емес отбасы» санаты бойынша қатысып, үйлі болсам деп отыр. Ол бағдарламаның бастапқы сатысынан өткен. Енді бір ай көлемде ұнатқан үйін таңдап, қойылған шарттарды дұрыс орындаса, алдағы уақытта баспаналы болады.
Айта кетейік, бағдарлама 3 жылға жалғасады. Еліміз бойынша оған жыл сайын 50 млд теңге бөлінеді. Жылдық қаражаттың 4,5 млд теңгесі Алматы облысына тиесілі. Ал ауданымыз бойынша биыл 54 отбасының баспаналы болу мүмкіндігі бар.
Нұргүл Әлменбетова