«Қаскелең» - «тасыған судың екпіні» деген мағына береді

Primary tabs

Jan 20, 2019 / 0 comments

Алматының батысында орналасқан тарихи қалалардың тағы бірі  - Қаскелең. Екі қаланың арасы небәрі 10 шақырым ғана. Күн санап бой көтеріп жатқан ғимараттар мен әлеуметтік нысандарға қарап, бұл екі қала арасындағы шекараның жойылар күні алыс емес екендігін түсінесің. Қарасай ауданының құрамына кіретін 12 ауылдық әкімшілік округтың орталығы болып саналатын қала Қаскелең өзенінің бойында орналасқан.

Тарихшылардың айтуы бойынша, кезінде бұл өңірді жоңғарлар паналаған екен. Ал Қаскелең атауы жоңғар батырының есімі болса керек. Кейінірек бұл жер Қазақ хандығының құрамына өткенімен де атауы өзгермей қалған. Ал кейбір деректерге сүйенсек, «Қаскелең» түркі тілінен алынған және «тасыған судың екпіні» деген мағына береді деп көрсетілген. Қалай дегенмен, тарихы сонау қарлұқтар заманынан басталатын бұл қоныстың орнына Ресей империясының билігі тұсында Любавинская ауылы құрылады. Осылай алғаш негізі қаланған Қаскелең 1963 жылы қала статусын алады. Биылғы жылдың 1қаңтарында жүргізілген есеп бойынша қаланың бір өзінде 66435 тұрғын тіркелген екен. Бұл тек тіркеуде тұрғандарға байланысты ресми ақпарат. Негізінде Қаскелеңнің тыныс-тіршілігін жақсы білетіндер, мұндағы халық санының әлдеқайда көп екендігін алға тартады. Қалада ірі өндіріс орындары, республикалық деңгейде өнім шығаратын зауыттар мен ұйымдар орналасқан. Білім, мәдениет, денсаулық ошақтары, яғни қала деңгейіне сәйкес инфрақұрылым жүйесі толығымен қалыптасқан. Еліміздегі беделді жоғары оқу орындарының бірі - Сүлеймен Демирел атындағы университет те осы Қаскелең қаласында орналасқан. Бұл білім ордасын 1996 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркия президентімен бірлесе отырып ашқан.

https://baq.kz/