Алматы облысындағы Топар өзені тартылып барады

Primary tabs

Apr 16, 2021 / 0 comments

Былтыр жазда Алматы облысы Балқаш ауданындағы Топар өзенінің суы тартылып, арнасы құрғап қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».


Бұл жағдай елді мекендер мен шаруашылықтарға қиын тиді. Мал өсірумен айналысатын ірі қожалықтар қолдағы төрт түлікті құдық суымен суғаруға мәжбүр. Өзен суалғандықтан, үлкенді-кішілі көлдер мен құдықтар тартылып, малға зиян өсімдіктер қаулап өсіп кеткен. Желтораңғы ауылының іргесіндегі шаруашылық қожалықтарының бірі 2018 жылы Ресейден 200 бастай қалмық тұқымды сиыр әкеліп, өсіре бастады. Мұндағы мал басы бүгінде мыңнан асты. Топар өзенінің суы тартылып қалғандықтан, қолдағы малды құдықпен суғаруға көшкен.  Талғат Тарақбаев, шаруа қожалығының іс басқарушысы: – Топар өзені мүлдем жоқ болып бара жатыр. Топар өзенінде су болмағандықтан, құдықтың суы да түсіп кетеді. Жиналуы қиын. Өзенде су болмағандықтан көлдер құрғап, суы тартылып кеткен жерлерге кекек шөбі қаулап өскен. Соның салдарынан өткен жылы бұл шаруашылықтың 15-20 бастай сиыры шығын болды. Қаскелең Топар мен Бала Топар ауылындағы жағдай бұдан да қиын. Судың жылдан жылға азаюынан балықтар қырылып, жер сортаңдана бастаған.    Қинаш Рысбеков, Топар ауылының тұрғыны: – Қиын болып жатыр, не істейсің енді? Халықтың қолынан не келеді? Іленің өзі Қазақстаннан шығады да, Қытаймен келеді. Бөгеп отырған Қытай деп естиміз, біз анық білмейміз. Енді келіссөз жүргізіп, соған бақылау жасап, Қазақстанның басшылары кішкене мойындарын бұруы керек. Іледегі су деңгейінің аздығынан Топарға су көтерілмейді. Оның үстіне жылдар бойы аталған өзендердің арнасын тазарту жұмыстары дұрыс жүргізілген жоқ. Биыл Топар өзенінің Бала Топар ауылының іргесіндегі ұзындығы 8 шақырымдай өзегі тазартылады. Бұл жұмыстарға 2 экскаватор мен бір бульдозер жұмылдырылған.