Алматы облысында жыл басынан бері 33 жаяу жүргінші қаза тапқан

Primary tabs

Apr 22, 2019 / 0 comments

Жуырда «Алматы-Бішкек» тас жолында жол көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан екі адам қаза тапты. Жолды кесіп өтпекші болған бір ер азамат пен әйел адам Volkswagen Golf автокөлігінің астына түскен. Көлік жүргізушісі жарықтанбаған, қараңғы жолда жаяу жүргіншілерді соңғы мезетте байқаған, алайда тоқтап үлгермеген. Сөйтіп, 56 жастағы ер адам мен 55 жастағы  әйел адам оқиға орнында   көз жұмды.

Осы орайда, Алматы облысының полицейлері жолда жүру ережелерін қатаң сақтауға шақырауда.

Өйткені, өңірімізде жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол апаттары артып келеді. Облыс бойынша жыл басынан бері 33 жаяу жүргінші  көлік астына түсіп, көз жұмса, 170-тен астамы түрлі жарақат алған.

Облыстық полиция департаментінің мәліметі бойынша, мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін күнделікті профилактикалық шаралар жүргізіліп отырады.

Тәртіп сақшылары азаматтарды жолдағы қауіпсіздікті сақтауға шақырып, айыппұл санкцияларын күшейтуде. Алайда, адамдардың жолда жүру мәдениеттілігі әлі де төмен деңгейде қалып отыр.

Тек жыл басынан бері 3000 жаяу жүргіншіге әкімшілік жаза қолданылып, жалпы  15 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Одан басқа, жаяу жүргіншіге жол бермеген 986 жүргізуші 24 миллион 896 мың 500 теңге көлемінде  айыппұл арқалады.