Алматы облысында 80 жылқы ұрланды

Primary tabs

Apr 09, 2020 / 0 comments

Алматы облысында 80 жылқыны қолды қылған барымташы-малшы құрықталды.

Бір апта бұрын Жамбыл ауданының полициясына 38 жастағы жергілікті тұрғын арызданып, өзіне тиесілі шаруа қожалығынан 80 жылқының қолды болғанын және 40 миллион теңгеге жуық материалдық шығын келгенін хабарлаған.

Қылмысты ашуға бағытталған жедел-іздестіру шаралары барысында күдікке ілінген екі ер адам ұсталды. Оның бірі – 29 жастағы Өзбекстан азаматы. Ол зардап шегушінің шаруа қожалығында малшы болып жұмыс істеген. Екінші күдікті Жамбыл ауданы Көкдала ауылының 39 жастағы тұрғыны, көршісінің адал малына арамдық жасап, қол салған жақын маңдағы өзге шаруа қожалығының иесі болып шыққан.

Күдіктілер бұлтартпас айғақтардың арқасында осы қылмысқа қатысы барын мойындады. Тәртіп сақшылары қолды болған малды іздестіру барысында 36 жылқыны тауып, заңды иесіне қайтарды. Қалған жылқының сойылып кеткені анықталды. Тергеу барысында күдіктілер шаруа қожалығынан жылқыларды ұзақ уақыт бойы ұрлап келгені және мал иесінің полицияға арызданбағанын оңтайлы пайдаланғаны белгілі болды.

Барымташылар әуел баста 2-3 жылқыдан, кейде 5 басты ұрлаған.Соңында қалған қырық жылқыны үйірімен айдап кеткен. Қолды болған малды жақын елді-мекендегі мал базарында меншікті малы ретінде саудалаған. Олар жалпы саны 80 жылқы сатса, оның 35 құлынды бие болған. Оңай жолмен табылған қаржыны өз қажеттеріне жаратқан.

Екі күдікті Жамбыл ауданы полициясының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Аталған дерек бойынша қолданыстағы қылмыстық заңнаманың 188-1-бабы 4-бөлігінің 2-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.