Алматы облысының полицейлері ата-аналармен онлайн кездесу өткізді
Primary tabs
Ағымдағы жылдың 12 наурызында Ескелді аудандық полиция бөлімінің ұсынысымен аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі, аудандық прокуратураның прокуроры және ювеналды полиция тобының аға инспекторының қатысуымен бейнебайланыс арқылы мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мектеп психологтары, 1-11 сынып оқушыларының ата-аналар комитеттерінің төрайымдарымен кезекті онлайн-кездесу ұйымдастырылып, өткізілді. Кездесуде негізгі талқыланған тақырып: оқушылардың қатысуымен қылмыс оқиғалардың, суицидтің және оқушыларға қатысты жыныстық тиіспеушіліктің алдын алу шаралары.
– Отбасылық мәселелер, әлеуметтік желілердің кері әсері сияқты факторлар жасөспірімдерде күйзелістік көңіл-күй тудырады. Осындай сәттерде өсіп келе жатқан жас буынға жалғыздықты сездіртпей қолдау білдіру маңызды. Бұл сәтте қоғам, яғни ата-ана, мұғалім, психологтар болып жас жеткіншектердің тұлға болып дұрыс қалыптасуына әрекет етуіміз керек. Өз кезегінде бұл мәселеде біздің ювеналды полиция инспекторлары және кез келген полиция қызметкері әрқашан көмектесуге дайын, – дейді Ескелді ауданы полиция бөлімі ЮПТ аға инспекторы Э.Намазиманова.
Сонымен қатар, онлайн-кездесу барысында іс-тәжірибемен бөлісу мақсатында Балпық би АОМ тәрбие ісі жөніндегі орынбасары тәрбие саласы бойынша атқарылған бағыттық жұмыстар туралы, Мелькомбинат НОМ педагог-психологі суицидтің алдын алу шаралары бойынша презентацияларымен бөлісіп, өзге қатысушылармен пікір алмасты. Кездесуге барлығы 200-ден аса қатысушы қатысты.