"Алтынын ұрлап, ломбардқа өткізген": Алматы облысының тұрғыны өз анасын тонады деп күдіктелуде

Primary tabs

Jun 18, 2021 / 0 comments

Алматы облысында 30 жастағы азамат туған анасының алтынын ұрлап, ломбардқа өткізіп жіберген деп күдіктелуде. Алған қаражатты ол өз қажетіне жұмсағанын айтқан деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сәйкес, 12 маусым күні Еңбекшіқазақ аудандық Полиция басқармасына Шелек ауылының 59 жастағы тұрғыны арызданған. Ол үйінде тұрған әмиянның ішінен алтын сақинасының жоғалып кеткенін байқап, полицейлерден көмек сұрайды.

Тергеу барысында әйел ұлынан ломбардқа өткізілген алтынның түбіртегін тауып алады.

Тәртіп сақшылары 30 жастағы ер адам анасының алтынын ұрлаған болуы мүмкін екенін анықтады. Ұсталған күдікті өз кінәсін мойындаған. Айтуынша, ол бағалы затты ломбардқа өткізіп, ақшасын өз қажетіне жұмсап жіберген. Алтынды қандай ломбардтың сатып алғаны анықталмады. 

Бұл факті Қылмыстық кодекстің 188-бабы 1-бөлігі, яғни, "Ұрлық" дерегі бойынша тіркеліп, күдікті ешқайда кетпеу қолхатымен жіберілді. Еске салсақ, бұған дейін Шымкентте қайырымдылық қор жәшігіне жиналған ақшаны алып кеткен алаяқ ұсталғанын жазған едік. Одан бөлек, Алматы облысында ер адам көршісінің көлігін ұрлап, көлікте ұйықтап қалған жерінен ұсталғанын жазған болатынбыз. Полицейлер көлікті ұрланған жерінен жақын маңда тапқан. 49 жастағы күдіктіні тәртіп сақшылары ұрланған көліктің ішінен тауып, темір тұлпарды заңды иесіне қайтарған.