Апатқа 60 жастағы теміржол қызметкері кінәлі ме?

Primary tabs

Feb 15, 2020 / 0 comments

Шамалған бекетінде болған поезд бен автобус қақтығысынан зардап шеккен отбасы моралдық шығын ретінде 40 миллион теңге талап етіп отыр, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

2019 жылы 15 қыркүйекте болған жантүршігерлік апаттан автобус жүргізушісі қаза тауып,  қоғамдық көлік ішінде қалған екі қызы мен анасы ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Бүгінгі таңда сол Эльмира Жәнібекованың 4 және 5 жастағы қос қызы қазір мүгедектер арбасына таңылғаны анықталды. Ал оқиғаға күдікті ретінде сол күні өткелде кезекші болған азамат үстінен қылмыстық іс қозғалуда.

Кезекті сот отырысына 50-ден астам куәгер мен жәбірленуші келді. Отырыс бастала салысымен судья сөзді жәбірленуші Эльмира Жәнібековаға берді. 

«Автобустан шыға алмайтынымды білгеннен кейін екі баламды жүргізуші орындығының артына отырғыздым. Отырғызып үлгергенімде пойыз келіп соқты. Одан кейінгі есіме жоқ, есімді тек далада жидым. Қазір балаларым да, өзім де үйдемін. Жолдасым көмектесіп жатыр. Өйткені, екі балам да мүгедектік алды. Дәрігерлер қолдан келгенді жасағанымен, бүлдіршіндерім өздігінен жүріп-тұра алмайды» дейді жәбірленуші. Қорғаушысы сот отырысында отбасының моралдық шығынын өтеп беруді сұрады

«Қазақстан Теміржолы» ҰК» АҚ осы қылмыстық іс бойынша азаматтық жауапкер ретінде танылуы тиіс деп санаймын. Және «Қаскелең автобус паркі» осы іс бойынша азаматтық жауапкер болуы тиіс. Жәбірленуші Жәнібекова мен оның кәмілетке толмаған екі баласының әрқайсысына 20 млн теңгеден моральдық зиян келгені есептелді», – деді жәбірленушінің қорғаушысы Анар ШЫНЫБЕКОВА.  

Елді дүрліктірген апатқа күдікті ретінде сол күні өткелде кезекшілік кеткен 60 жастағы Досбатыр Ахметжанов тартылған. Прокурор оған темір жол қозғалысы қауіпсіздігінің ережесін бұзып, абайсызда адам өліміне әкеп соққан деген айып таққан. Күдіктінің адвокаты аталмыш айыппен келіспейді. Ол өмірінің жартысын өз қызметіне адал арнаған азаматтың еш кінәсі жоғына сенімді. Сондықтан іске қатысты сараптамаларды «қайта жүргізу керек» деді.

«Айыптау актісі менің ойымша, Солоненка мен Колешниковтың қорытындысы негізінде жасалған. Ол дұрыс емес. 55 секунд кешірек көк нүктені басты деп тұр. Бірақ ол нүктені дәл уақытында басты ма, кеш басты ма, оны бірде-бір құрылғы есептеп бере алмайды. Бұл орысша айтқанда, «искать не причину, а крайного человека, кого можно было сожать!», – деді Алматы облысы Қорғаушылар алқасының қорғаушысы Шәмиян ЖАЙЫЛХАНОВ.

Ал тергеу мәліметтеріне сенсек, диспетчер өз міндетін дұрыс орындамай, темір жол қозғалысы қауіпсіздігінің ережесін бұзған. Апат қаупі төнгенде отарбаның машинисіне жылдамдықты тежеу туралы хабар да бермеген деді. Егер сотта күдікті Досбатыр Ахметжановтың кінәсі дәлелденсе, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін  екені ескертілді. Оған қоса, азамат 10 миллион теңге материалдық шығынды өтіп беруі тиіс.