Ардагер ұстаз өмірден өтті

Primary tabs

Jun 08, 2021 / 0 comments

Ардагер ұстаз Байқонысова Рымкеш Шайкенқызы дүниеден өтті,- деп хабарлайды kaskelenkz тілшісі.

 

Рымкеш Шайкенқызы - Шамалған ауылындағы Қарасай батыр орта мектебінде ашылған «Шапағат» Елбасытану - өлкетану мұражайын тұңғыш ұйымдастырушысы, ардагер ұстаз, Қазақстан Республикасының халық ағарту ісінің үздігі, «Құрмет» орденінің иегері. 

 

 

Рымкеш Шәйкенқызы Байқонысова 1937 жылы  24 шілдеде Семей  облысы, Аягөз ауданы,  Сергиополь ауылында дүниеге  келген. 

1954 жылы сол ауылда  мектеп бітіріп, 1954-56 жылдары  Семей педагогикалық  училищесіне түсіп,  бастауыш мектеп  мұғалімі  мамандығымен  туған өлкесі Семей өңірінде ұстаздық еңбек жолын бастады.

 

1969 жылы Семей қаласындағы Н.К Крупская атындағы педагогикалық институттың тарих факультетін аяқтады. 

Лениннің 100 жылдық медалінің иегері.  1987 жылы Қазақ ССР оқу министрлігінің «Қазақстандағы оқу ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ақши мектебінде 17 жыл абыройлы еңбек етіп, 1997 жылы  Шамалған ауылына  көшіп келді. 

 

1997 жылы 1 қыркүйектен бастап Қарасай атындағы (бұрынғы Фурманов) мектебінде  еңбек етті.  «Шапағат» атты Елбасытану, өлкетануға арналған мектеп мұражайын 1998 жылы ашып, содан бері мұражай жұмысын жүргізіп келді. 

 

2007 жылы 14 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Астана қаласындағы Ақорданың мрамор залында  «Құрмет» орденін тапсырды. 

 

Рымкеш Шәйкенқызының туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. 

 

Иманды болсын.