Аты ұр­пақ­тан-ұрпаққа тараған Қа­расай батыр кiм?

Primary tabs

Jan 29, 2019 / 0 comments

Қарасай Алтынайұлы 1598 жылы Алатау бөктерiндегi Суық­төбе тауының бауырында Қа­расаз деген жерде дүние­ге келедi. Қазақ жерін жоңғар бас­­қыншы­ларынан азат етуге қа­тысқан батыр, қолбасшы. Ұлы жүз­дегі шапырашты руының есқожа тармағынан шыққан. И.Э.Фишердің «Сібір тарихы» атты кітабында Қарасайдың 1653 жылы Сібір-Тобыл ұрысына қа­тысқаны айтылады. Сондай-ақ оның 1643 жылы Орбұлақ шайқасына қатысқандығы туралы дерек бар. 1652 жылы Қарасай қазақ жасақтарын басқарып, жоң­ғар басқыншыларына қар­сы күресте ержүрек, көреген қолбасшы ретінде көзге түседі. П.П.Румянцевтің «Жетісу об­лы­сының материалдары» деген еңбегінде: «Батыс Қастек өңі­рінде шапырашты руынан шық­қан Қарасай батырдың ұр­пақтары тұрады. Қарасайдың бейіті Көкшетау уезінің Айыртау деген жерінде орналасқан» деп жазды. 1997 жылы тамыз айында Қарасай мен оның жорықтас жолдасы Ағынтай батыр жерленген төбеге ескерткіш-белгі қойылды. Қарасай батыр есімі шапырашты руының ұранына айналған. Сүйінбай Аронұлының «Қарасай батыр» атты та­ри­хи­ дастаны бар. Оның ерлігін Жамбыл да көп жырлаған. Жамбыл ауда­­­­­нының Қарақыстақ ауы­лы­­­­­­ның маңын­дағы биік жо­­та, сондай-ақ бұ­рынғы Қас­келең ауданы Қара­сай­дың есімімен аталады. Ұзын­ағаш ауданында батырға ескерткіш ор­натылған. 1999 жылы батыр ту­ра­­лы телефильм (сце­­на­­­рийі проф.­ С.Са­­дыр­баев, ­реж. Б.Құс­ан­­бек) түсірді. 

Қарасайдың та­­рих­қа келуi Тәуе­келден кейiн Есiм ханның тақ­қа отыруымен тұспа-тұс ке­ледi. 1620 жылы Есiм хан Алтын ханмен, Ноғай ордасымен бiрiгiп, отыз мың қолымен ойратқа шабуыл жасады. Бұл ұрыста 79 жасар Сүйiндiк Жанай батыр бөрiлi байрақ туды жас жолбарыс Қарасайға тапсырды. Қара Ер­тiстiң оң қанатындағы осы соғыста Есiм «Еңсегей бойлы ер Есiм» атанды. Осы жылы То­был бойындағы соғыста Қара­сай ойраттың екi тайшысы Той­лы мен Қарақалды қолға түсi­рiп, хан алдына айдап әкелдi. Сонда Есiм хан риза болып: «Сен ендi бүкiл қазақтың Қарасай батыры болдың» деп айтыпты. Шы­нында да қазақ жерiнде Қара­сай батыр­дың тұлпарының тұяғы тимеген жерi жоқ деу­­ге болады.  1627 жылы Тобылдан ығыс­қан ойраттар ес жиып, Едiл мен­ Жайықтағы алшындарды шауып тыныштық бермегенi, Едiл­дiң Хазарға құяр жерiндегi қазақтарды қырғаны жөнiнде суық хабар жеттi. Осыған байланысты Есiм хан Түркiстанда жиын өткiздi. Хан қазақтың Қарасай баты­рын, Арғын Ағынтай, Най­ман Көксерек, Қаңлы Сар­бұқа, Төртқара – Жием­бет батырларды шақырып, әрқай­сысына бес мың қол сарбаз бе­рiп, Жайыққа аттандырады. Ха­зар теңiзiнiң жағасында 83 күн ұрыс болып, бiр жарым ай ба­тырлардың жекпе-жегiмен өттi. Қарасай батыр тоғыз рет майдан алаңында жекпе-жекте Манжы, Танжы бастаған жау­дың он бiр батырын жеңдi. Ал Ағынтай батыр бұл соғыста жетi рет жекпе-жекте шайқасқан. Осы ұрыста ойраттар жеңiлiп, орыс елiне қарай қашты. 1635 жылы Есiм ханның ұлы Жәңгiрдi қал­мақтар тұтқындап әкетедi де, қазақ қолын Қарасай батыр бас­қарады. Қалмақтар бұл шақта Жетiсудың терiстiк-шығысын ба­сып алып тұрған. Қазақ қолы күш жинап тұтқиылдан шабуыл жасап, оларды Жоңғар қақпасына дейiн қуып, күйрете соққы бердi. Қарасай мен досы Арғын Ағынтай батыр екеуi бiрiгiп, Жәңгiрдi үлкен ерлiкпен қалмақ тұтқынынан босатып әкел­дi. 1640 жылы Есiм ханның орнына Жәңгiр таққа отырды. 1643 жылы Алтын ханның ұлы Ом­бы бастаған елу мың ойраттар қазаққа лап қойды. Жәңгiр мен Қарасай Доңызтауына кiрiп келе жатқан жауды көп қырды. Осы кезде Алшын Әлiмұлы Төртқара, Жалаңтөс баһадүрлер келiп, көмекке жеттi.  1646 жылы қазақ-қалмақ соғы­сы Қосқолаң тауының ара­сынд­а өттi. Қарасай мен Ағын­тай қолын оқпанға жасырды. Ордағы сарбаздарды көрмеген қал­мақтар үлкен шығынға ұшы­рады. 1652 жылы қалмақтар қыр­ғыздарға шабуыл жасады, оған болысуға Қарасай батыр сарбаздарымен көмекке барды. Осы соғыста Қарасай батыр қал­мақтың қолбасшысы Батыр қон­тайшының қолын шауып тү­сiрiп, ол содан өлдi. Жәңгiр хан қайтыс болған соң орнына Тәуке отырды. Батыр қонтайшы өлген соң, алты жылдан кейiн оның үлкен ұлы Сенге бастаған қалмақтар тағы да шабуыл жасады. Оның 23 мың қолы Үш Алматыны басып алды, одан Далатау Таласқа жеттi. Құлан төңi­регiнде алты күн ұрыс болды. Осы жерде Қарасай мен Ағынтай әрқайсысы қол бастап, 200 мәрте ұрысқа кiрген екен. Осы өңiрде екi батырдың есiмiмен жер аталып қалыпты.  1664 ұлу жылы Арқас аң­қайынан (Жоңғар қақпасы) екi мың торғауыт Наймандар мен Жал­айырларға ша­буыл жасап, Қарасай мен Ағынтай ұрысқа бiрге кiрiп, жауды қуысқан. Осы соғыста Ағынтай батыр аяғынан жараланып, ақсақ болып қалған, Қарасай батыр да жараланған. Ел iшi тынышталғанда Қарасай батыр бiрсыпыра туғандармен, өзiнiң қандымайдан досы Арғын Ағын­тай елiне барды. Көкше өңірінде бiр жылдай тұрып, 1671 жылы тамыз айында қайтыс болды. Келесi жылы Арқада ат шауып, ас берiлдi. Досының асын берген соң сол жылы Ағын­тай батыр да қайтыс болып, оның да сүйегi Айыртаудағы Құл­шынбай төбесiнде Қарасай батыр бейiтiнiң жанына өз өсиетi бойын­ша жерленген.
Нағашыбек Қапалбекұлы, жазушы.