Ауылда жаңа амбулатория ашылды

Primary tabs

Oct 31, 2019 / 0 comments

Қарасай ауданына қарасты Жамбыл ауылдық округіндегі Батан ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі. 

Бұған дейін мұндағы халық шағын фельдшерлік-акушерлік қосынның көмегіне жүгінетін. Заманауи талаптарға сай салынған ғимаратта 20 кабинет бар. Олардың әрқайсысына терапевт, педиатр, гинеколог, тіс дәрігері сияқты мамандар орналасқан. Сонымен қатар ем-шараларға арналған бөлмелер де жабдықталған. Амбулаторияның меңгерушісі болып тәжірибелі маман Айман Ахметова тағайындалды. 

Бір айта кетерлігі, ауылда емдеу мекемесінің салынуына осындағы «Еңбек» шаруа қожалығының иесі Маруван Ержанов үлкен көмек көрсетіп, 30 соттық жер берген. Сонымен қатар, болашақта мұнда жаңа мектеп тұрғызу үшін жеке иелігінен тағы да екі гектар жер телімін ұсынып отыр. 

Ғимарат құрылысын «Дәулет-Серпін 603» ЖШС жүзеге асырды. Ол үшін мемлекеттен 294 млн теңге қаражат бөлінген. 

Амбулаторияның ашылу салтанатына аудан әкімі Жандарбек Далабаев, ауданның бас дәрігері Ербол Сәрсенбаев және ауыл тұрғындары қатысты.