Ақмола облысында қорғаныс істері бойынша Сервис орталығы ашылды
Primary tabs
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың, өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Мұрат Төлеубаевтың және аумақтық Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің басшысы Руслан Қасымовтың қатысуымен «Қарулы күштер – Адалдық алаңы» сервис орталығының ашылуы өтті.
Жергілікті әскери басқару органының сервис орталығының жұмысы азаматтарға әскери есепке алу және қауіпсіздік мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсету кезінде қол жетімділікке, жеделдікке және қолайлылыққа бағдарланған.
«Халықтың мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттыру үшін қазіргі уақытта облыстың барлық қалалары мен аудандарының әкімдіктері азаматтарға цифрлық технологияларды қолдана отырып, «бір терезе» қағидаты бойынша кедергісіз кеңістіктерде қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Бүгін облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департамент те қоғаммен ашық диалог орнатуға дайын екендігін білдірді», - деп атап өтті іс-шара барысында өңір басшысы Ермек Маржықпаев.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін сервис орталығы ғимараттың бірінші қабатында орналасқан, сондай-ақ мұнда күту үшін ыңғайлы орын, суға арналған диспенсер, ақпараттық стендтер қарастырылған.
«Мемлекет басшысы мемлекеттік органдар жұмысының қолжетімділігі, ашықтығы, клиентке бағдарлануы және есеп берушілігі мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Осы тұрғыда біз мемлекеттік органдарды «сервистік» жұмыс форматына көшіру тәжірибесін іске асырып жатырмыз, бұл азаматтарға мемлекеттік қызметтерді жедел ұсынуды және түрлі мәселелер бойынша бір жерде кеңес беруді қамтамасыз етуге, сондай – ақ мемлекеттік органдардың жұмысындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қысқартуға мүмкіндік береді», - деді Мұрат Төлеубаев.
Соңында облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің және өңірдің Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылығы Қарулы Күштерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойды.
Айта кетейік, бүгінгі таңда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында облыстың барлық 19 ауданы мен қалаларының және Красный Яр ауылының әкімдіктерінде «сервистік» жұмыс моделі іске асырылуда. Мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда Ореn space және front office форматындағы 67 кабинет ашылды.