Балқаш ауданының диқандары 32 мың тонна күріш жинады
Primary tabs
Алматы облысы Балқаш ауданындағы егін шаруашылығының басым бағыттарының бірі – күріш өсіру. Биылғы жылы бұл дақыл ауданда 7400 га жерге себілген. Бұл іспен ауданда 35 шаруашылық айналысады. Солардың бірі “Бақанас астық” өндірістік коперативі. Қожалық күніне 3,5 тонна күріш шығарады. «Шаруашылықта 6 адам жұмыс істейді. Күзден бастап, көктемге дейін 1 мың тонна күріш шығарамыз. Алқапқа Ресейден әкелінген «Регул» сұрыпы егіледі», - деді коператив басшысы Алтынбек Сабаев. Былтыр егіс алқаптарына күріштің регул және янтарь сұрыптары себіліп, 7400 га жерден, 32 мың тонна күріш жиналған. «Су тапшылығы мен құрғақшылық біз үшін үлкен мәселе болып отыр. Себебі, өсіретін дақылдарымыздың бәрі суды көп қажет етеді. Бізге суды Қытай мемлекеті беріп отыр. Ол Қапшағай су қоймасына құйып, кейін өзіміздің Ілеге келеді. Бұған қарамастан қолдан келетін барлық шаралар жасалып жатыр. Яғни, каналдардың бойы тазаланып, өзеннің алдына бөгеулер қойылды. Сонымен қатар, ирригациялық жүйелерге де жөндеу жұмыстары, 511 км жерге тазалау жұмыстары және құрылғыларды ауыстыру жұмыстары да жүргізуліде», - деді Балқаш ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Темірғалиұлы. Жалпы, Балқаш ауданында 28 322 гектар суармалы алқабы бар. Биыл да егіс алқабына күріш, арпа, бидай, жоңышқа және мал азығына қажетті дақылдар себіледі деп жоспарлануда.