Болат Назарбаев атында көше жоқ: Алматы облысының тіл басқармасы жауап берді
Primary tabs
Әлеуметтік желіде Шамалған ауылындағы көшелердің біріне экспрезидент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевқа көше атауы беріледі екен деген ақпарат тараған.
Осы ретте, Алматы облысы тіл басқармасы өздерінің ресми парақшасында алып-қашпа ақпараттың тарағанын растай отырып, жауап берді деп хабарлайды Kaskelen.kz "Араша" сайтына сілтеме жасап.
«Әлеуметтік желілерде Қарасай ауданы, Шамалған ауылына қарасты көшелердің бірі Болат Назарбаевтың атымен аталатындығы туралы жалған ақпарат таралуда. Алматы облысының тілдерді дамыту басқармасы Болат Назарбаевтың атында көше жоқ екендігін ресми түрде хабарлайды», – делінген ресми жауапта.
Айта кетейік, Қарасай ауданы, Шамалған ауылында бұндай жалған ақпараттың тарауына жалғыз себеп – аталған аудан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, сондай-ақ оның әулетінің туып-өскен жері.
Алайда, бір ескеретін жайт – қазіргі ономостикалық талап бойынша, көшеге немесе нысандарға тұлға аты ол өмірден өткеніне бес жыл толғаннан соң ғана беріледі. Практика бұл заң-талаптың Тұңғыш президентке қатыссыз екенін растайды.