Британияда COVID-19 зертханадан тарады деген болжам айтылды
Primary tabs
Британияның MI6 барлауының экс-басшысы Ричард Дирлав Қытайдың Ухан қаласындағы зертханадан COVID-19 абайсызда тарап кеткеніне күмәнданбайды. Бұл туралы Telegraph газеті жазды.
Дирлав басылымға берген сұхбатында "маңызды" ғылыми баяндама оқығанын айтты. Онда вирус табиғи түрде тараған жоқ, қытайлық зерттеушілер қолдан абайсызда таратып алды деп көрсетілген.
Дирлав бұл мәліметті британиялық және норвегиялық ғалымдардың осы аптада шыққан ғылыми мақаласына сүйеніп айтыпты.
"Меніңше, бұл (коронавирус эпидемиясы - ред.) жазатайым басталып кетті. Қытай жауапкершілікті мойындаса, өтемақы жасай ма деген сұрақ туындайды. Меніңше, бұл әлем елдерін Қытайға деген және халықаралық қауымдастықтың қытайлық билікке қатынасын қайта қарауға мәжбүрлейді", - деді Британияның MI6 барлауының экс-басшысы.
Оның айтуынша, ғылыми мақала бірнеше рет көшірілген, бірақ әлі күнге дейін бірде-бір ғылыми журнал жарияламаған.
Еске салайық, COVID-19 инфекциясы өткен жылдың желтоқсанында ҚХР-дың Ухань қаласынан бастап тараған болатын.