"Біз мақұлдадық": ДСМ Алматыдағы карантиннің жеңілдетілуін түсіндірді
Primary tabs
Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифинг барысында Алматыдағы карантиннің жеңілдетілуіне қатысты пікір білдірді. Олардың айтуынша, оңтүстік астананың бас санитар дәрігері Жандербек Бекшин шектеу шараларының жеңілдетілуіне қатысты қаулыны шығармас бұрын ведомствоның келісімін алған деп хабарлайды Kaskelen.kz.
Министрлік өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында журналистер Бекшиннің карантинді жеңілдету жөніндегі қаулысына қатысты бірқатар сұрақтар қойды. Айта кету керек, Қазақстанның бас санитар дәрігері енгізген ережелер бойынша өңірлік санитар дәрігерлер карантинді өздігінен жеңілдете алмайды. Олардың құзырында шектеу шараларын күшейту ғана бар.
"Республика бойынша шектеу шараларын қатаңдату жөніндегі мемлекеттік бас санитардың қаулысы қабылданған жағдайда, оларды тек мемлекеттің бас санитар дәрігерінің өзі ғана жеңілдете алады. Ал өңірлік санитар дәрігерлер бұл шектеулерді тек қана күшейтуге құқылы. Егер шаралар тек сол бір өңірге қатысты ғана қабылданып жатса, санитар дәрігерлер бұл шараларды өздері жеңілдете алады. Алайда, олар алдымен міндетті түрде мемлекеттің бас санитар дәрігерімен келіседі. Бекшиннің қаулысын біз мақұлдадық. Бүгінде біз Алматыдағы эпидемиологиялық жағдайдың бір деңгейде тұрғанын көріп отырмыз. Жағдай жақсармаса да, тұрақтануда" , - деді ДСМ комитетінің басшысы Айжан Есмағамбетова.
Оның сөзінше, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында наурыздың соңы мен сәуірдің басындағыдай жұқтырудың үлкен өсімі жоқ.