Бірінші Май округіндегі су мәселесі шешілетін болды
Primary tabs
Өткен сенбіде Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев Бірінші Май ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі. Бұл туралы округ әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды.
Жиынға аудандық мекемелердің басшылары, округ әкімі Елдос Мұқатаев бастаған ауыл ақсақалдары және ауыл тұрғындары қатысқан. Кездесу барысында аудан әкімі халықтың ұсыныстары мен ескертпелерін іске асыру жоспарлары бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар туралы айтты. Қазіргі таңда Бекболат, Қайнар ауылдарының ауыз су және Қайнар ауылының кәріз жүйесін жөндеу мәселелері күрделі екені белгілі. Жандарбек Ермекұлы "23+1" жобасы бойынша округтің елді мекендерін ауыз сумен толық қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінгенін мәлімдеді. Келесі жылы жоғарыда айтылып кеткен мәселелер бойынша жүйелі жұмыс қолға алынбақ. Сонымен қатар, тұрғындардың күл-қоқыс, елді мекендердің жолдарын жөндеу туралы және басқа да қойылған сұрақтарға толық жауаптар берілді, делінген әлеуметтік парақшадағы жазбада.