Вакцинадан бас тартқан қызметкерді басшылық жұмыстан шығара ала ма: Министрлік жауабы

Primary tabs

Jul 13, 2021 / 0 comments

Жұмыс беруші қызметкерді ерікті вакцинациядан бас тартқан жағдайда жұмыстан шығаруға құқылы ма? Бұл сұраққа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауап берді деп хабарлайды zakon.kz. 

"Қазақстан Республикасының "Адамдардың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексінің 77-бабына сәйкес кез келген медициналық процедура, оның ішінде вакцинация тек келісіммен жүзеге асырылады. Вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген", - деп жауап берді ведомстводан.

Сонымен бірге, Денсаулық сақтау кодексінің 104-бабы 1-бөлігіне сәйкес, жұқпалы және паразиттік аурулардың Қазақстан аумағына әкеліну қаупі туындаған кезде еліміздің бас мемлекеттік санитариялық дәрігері шектеу шараларын, оның ішінде кәсіпкерлік немесе өзге де қызмет пен халықтың өмірі үшін ерекше шарттар қарастырылған карантинді енгізіп, тиісті қаулылар қабылдайды. 

Мәселен, №67 қаулыға сәйкес:

COVID-19-ға қарсы вакцина алмаған (тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы үш ай ішінде COVID-19-бен ауырған адамдарды қоспағанда) жұмысшыларды күндізгі жұмысқа жіберуді шектеу қарастырылған.

Осы қаулының 6-1-бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген ұйымдардың вакцина салдырмаған қызметкерлері (7 күнде бір рет) міндетті ПТР-тесттен өтуі (тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы үш айда COVID-19-бен ауырған адамдарды қоспағанда) керек.

Осыған байланысты жұмыс беруші келесі құқықтарға ие:

COVID-19-ға қарсы вакцина алмаған қызметкерге қашықтағы жұмыс түріне ауысуды ұсыну (мүмкін болса);

Егер қызметкер қашықтықтан жұмыс істеуден бас тартқан немесе жұмысты қашықтықтан орындау мүмкін болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 48-бабының 1-бөлігіне сәйкес жұмыс беруші жалақысын сақтамастан оны жұмыстан шеттеуге құқылы. Бұл ретте жұмыс беруші уақытша жұмыстан шеттілген қызметкердің орнына өзге қызметкерді алуға құқылы. 

Одан бөлек, жұмысты қашықтықтан орындау мүмкіндігі болмаған жағдайда және қызметкер күндізгі режимде жұмыс істегісі келсе, онда ол міндетті ПТР-тестті (7 күнде бір рет) өз қаражаты есебінен өтеуі керек.

"Осылайша, жұмыс беруші вакцинациядан бас тартуына байланысты қызметкерді жұмыстан шығаруға құқығы жоқ", - деп атап өтті Еңбек министрлігі.

Сондай-ақ, ведомство қызметкерлер өзінің еңбек құқықтарын қорғау үшін жұмыс берушінің орналасқан жері бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің еңбек инспекциясы жөніндегі басқармаға жүгінуге құқылы екенін атап өтті.