Ерте отау құруға асыққан жасөспірімдерді қандай жаза күтіп тұр?
Primary tabs
13-те отау иесі деген мәтелді бала күнімізден естіп келеміз. Бірақ, бұл нақыл сөзді біздің ата аналарымыз, 13 жастан бастап ақылды болуың керек. Баяғыда осы жасқа келген балалар бір-бір үй болып, тіршілікке араласа бастаған, еңбек еткен. Сен де ойнай бермей, үй шаруасына көмектес! дегендей мағынада жеткізетін. Енді заман өзгерді ме әлде адам өзгерді ме әлде сол баяғы жаһандану ықпалына ілесіп рухани құндылықтарымыз құлдырап бара ма, бұл қағиданы қазіргі жастар тура мағынасында түсіне бастағандай!
Ақтауда өткен 15 жастағы жасөспірімдердің үйлену тойы әлі де ел есінде. Осы той желіде қызу талқыға түскен еді. Қыз бен жігіттің екеуі де колледжде оқиды. Қалыңдық әлеуметтік желіде екеуінің қалай қосылғанын баяндады. Екеуі де 2004 жылы туғанын, 3-4 ай кездескен соң жігіттің ата-аналарының қарсылығына қарамастан алып қашқанын айтқан бойжеткен "Қайтып келген қыз жаман дегендей және бір-бірімізді сүйгендіктен, қаламын деп шештім", - деп ағынан жарылған.
Әлбетте, өздері кәмелеттік жасқа толмай жатып, үлкен өмірге аяқ басуға асыққан бозбала мен бойжеткеннің ерлі-зайыпты болдық деп жар салуы ерсі көрінгені анық.
Сонымен, бұл балалық па әлде кезіндегі 13-те отау иесі деген дәстүрді жалғастырсам деген даналық па ? Қоғамдағы пікірі саналуан болғанымен, біздің құқықтық мемлекетте ғашықтардың сезімі де заңмен қадағаланатынын ұмытпағанымыз жөн.
"Неке жасы еркектер мен әйелдер үшін де 18 болып белгіленген. Десе де заң екі жағдайда бұл жасты төмендетуге мүмкіндік береді. Біріншісі - қыз жүкті болғанда, екіншісі - ортақ бала туған кезде. Неке қиюмен және оны тіркеумен айналысатын арнайы орган шаңырақ құруға болатын жасты екі жылға, яғни 16 жасқа дейін шегере алады"
Ал, тіпті 16 толмай жатып отау тіккен жас жұбайлардың бұл әрекеті үшін ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылуы әбден мүмкін!
Заңгерлердің айтуынша, 16 жастағы бала кәмелет жасына толмай отбасын құрып жатса, оған бірқатар міндеттемелер жүктеледі. Атап айтсақ, оған баланы асырау, тәрбиелеу, некені бұзу, некеде мүлікке ие болу сияқты жағдайлар жатады. Бірақ, сайлауға қатысуға, кредит алуға құқық тек 18 жастан беріледі.
Иә, әлеуметтік желі бірнеше күн шулады. Дегенмен, мына ақпараттық тасқын толассыз жүріп жатқан заманда бұл оқиға одан да маңызды жаңалықтардың көлеңкесінде қалып кетті. Сөйтіп, жасөспірімдер өздері ертерек қалаған үлкен өмірдің есігіне еніп кете берді... Хош делік! Жүрек қалауымен жақындасып, қол ұстасып жатса, біз де бақыт тілеп қояйық. Себебі, бүгінде салт-дәстүріміз деген сылтауды бетке алып, біреудің мәпелеген қызын алып қашып, тағдырына балта шабатын жағдайлар да бар екені ақиқат емес пе?
Елімізде қыз алып қашу статистикасы жүргізілмейді. Өйткені, қылмыстың осы түріне қатысты арнайы бап жоқ. Қазақстан Қылмыстық кодексінде «Адамдарды ұрлау» бабынан бөлек, қыздарды еріксіз алып қашу мәселесін қарайтын арнайы бапты енгізуді қоғам белсенділері бұған дейін де ұсынған. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. Көршілес Ал, Қырғызстанның ққұқықтың заңнамасында Қыз алып қашу деген арнайы бап бар.
Ашығын айтқанда , тапа тал түсте қалыңдық ұрлау тиылмай тұр. Оған ғаламторда жиі шығатын таспаларда негіз бола алады.
Мысалы, сондай оқиғаның бірі Алматыда өткен жылдары орын алды. Колледждің кіре-берісінде 17 жасар Айселді көпшіліктің көз алдында ұрлап кетті. Баспасөздің жарыса жазған ақпаратынан қаймықты ма, бірнеше күннен соң олар қызды аман-есен үйіне қайтарды. Полиция бұл істі жайбарақат жаба салды. Әдетте мұндай жағдайға қатысты істер осылай аяқталады.
Бұдан бөлек, бір топ жігіттің Алматы облысында 20 жастағы Әлияны алып қашқаны есімізде. Жолда көлік аударылып, бойжеткен ауыр жарақатпен аурухана төсегіне таңылды. Ал оны көлікке басып салған төрт жігіт оқиға орнында мерт болды.
Мамандар «қыз алып қашу оқиғасы Қазақстанда артпаса кеміген жоқ» дейді. Шамамен жылына жүздеген бұрымды осындай қатыгездіктің құрбаны болады. Бірақ көпшілігі полицияға шағым түсіруден бас тартады, өйткені «қайтып келді» деген атақтан қорқады. Ал, қызды еркінен тыс алып қашу – ҚР Қылмыстық кодексінің 125 бабы бойынша жазаланады.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанда қылмыстық жауапкершілікке 14 жастан бастап тартылады. Сол себепті, егер жігіт кәмелеттік жасқа толмаған қызды жүкті қылса және бұл зорлық болса, міндетті түрде сот алдында жауап береді. Ұл-қыздарымыз бәле-жаладан аман болсын делік!
Клара Көпбаева.