Жастарға жыныстық қарым қатынас жайлы кеңес беретін бөлім

Primary tabs

May 11, 2019 / 0 comments

Қарасай аудандық орталық аурухана базасында аудан жастарының денсаулығы орталығы жұмыс істейді, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.

Бұл орталық 2018 жылдың маусым айынан өз жұмысын бастаған. Бөлімнің мақсаты – 15-тен 29-ға дейінгі жастардың ұрпақ өрбіту қабілетін сақтау, ерте жүктіліктің және жыныс жолдарымен берілетін инфекцияның, АИТВ-нің алдын алу. Осыған орай, жастар арасындағы зиянды әрекеттерді, суицидті болдырмау үшін, мейірбикелер олармен сұхбаттар жүргізіп, оқу орындарында түрлі шаралар өткізеді. Мұндағы мейірбике Жұлдыз Алымжанова алдына келген жас буын өкілдерімен сұхбаттасып, қыз-жігіттердің жақын қарым-қатынасындағы сақтық шаралары туралы, жалпы, салауатты өмір салты туралы кең-көлемде әңгімелеп береді.  

Дәрігер Дана Таждинованың айтуынша, қазіргі таңда жастармен  осындай шаралар өткізудің маңызы зор. Себебі, бойжеткендер арасындағы ерте жүктілік, түсік тастау немесе бедеулік, ал жігіттер арасындағы белсіздік пен жұқпалы инфекциялардың таралуы олардың дұрыс жыныстық қарым-қатынас туралы ақпаратты жеткілікті мөлшерде ала алмауларынан болып жатады. Сонымен қатар, денсаулыққа салғырттық пен осы мәселе туралы ашық сөйлесіп, кеңес сұраудағы ұялу да өзінің кері әсерін тигізетіні жасырын емес. 

Бұл орталыққа келген әрбір жас мейірбике мен дәрігерге өздерін мазалайтын барлық сұрақтарын қойып, толыққанды жауап ала алады.