Жаңа банк ашылды
Primary tabs
Ұлттық валюта күніне орай, Қаскелең қаласында“Tengri Bank” АҚ-ның Алматы облыстық филиалы ашылды.
Салтанатты жиын барысында Банк басшылығы мен Қарасай ауданы әкімдігі арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. “Tengri Bank” АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Динеш Кумар мен Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев ортақ әріптестіктің екі тарап үшін де пайдалы әрі нәтижелі болуы үшін бірлесе еңбек ететіндіктерін жеткізді.
«Tengri Bank» АҚ-ның негізі 1992 жылы қаланған. Бастапқыда «Данабанк» ЖБ ретінде құрылып, тұрақты дами бастаған коммерциялық мекеменің аты бірнеше рет өзгерген. Біраз уақыт бұрын Үндістандағы Punjab National Bank бизнесті бірлесіп дамыту үшін қазақстандық инвесторларды жұмылдыруды жөн көрді. 2016 жылдың наурызынан «Tengri Bank» АҚ деп аталатын болды. Қазір «Tengri Bank» еліміздің әр өңірлерінде жеке және заңды тұлғаларға банк қызметінің кең түрлерін ұсынады.
Еліміздің Астана, Ақтау, Павлодар, Қарағанды сияқты басқа да ірі қалаларында филиалдары бар «Tengri Bank» Қазақстандағы аналогтық банктер үшін капитал мен жалпы активтердің көлемі бойынша төртінші деңгейде. Пайыздық өлшем – 17.8%. Қаскелең қаласында ашылған бөлімшенің қызмет аясы мен артықшылықтары жайлы филиал директоры Гүлжанат Абдрахманова айтып берді. Оның сөзіне сүйенсек, Алматы облыстық филиалының Қаскелеңде ашылуының басты мақсат – алып мегаполис іргесіндегі клиенттерді сапалы сервиспен тәнті етіп, банкпен бірге өңірдің де дамуына ықпал ету.