Жұмыс орнындағы өлім жөнінен Қарағанды облысы көш бастады

Primary tabs

Jul 13, 2021 / 0 comments

Ranking.kz агенттігі жасаған статистикалық деректерге сәйкес, елімізде 2020 жылы жұмыс орнында 2033 адам зардап шеккен. Бұл есептің ішінде қайтыс болғандар да бар.

Тұтас алғанда, жұмыс орнында жарақат алғандар саны екі жыл қатарынан азайып келеді. Десе де, былтырғымен салыстырғанда биылғы жарақат алғандар саны 13 адамға көбейген. Көбінесе, ел тұрғындары құрылыс басында мерт болады екен.

Құрылыс нысандарында былтыр 54 адам қайтыс болған. Одан бөлек, 39 адам өңдеу өнеркәсібінде, 24 адам тау-кен өндірісінде қаза тапқаны анықталған.

Жұмыс орнында зардап шеккендердің жартысына жуығы, яғни 520-cы, өндіріс өнеркәсібінде жұмыс істейтіндер. Барлығы былтыр тау-кен өндірісінде жұмыс істейтін 349 жұмысшы, құрылыстағы 229 маман, медицина саласының 222 маманы және көлік пен қоймада жұмыс істейтін 140 адам зардап шеккен. 

Жұмыс орнында орын алатын қайғылы жағдайлар жөнінен Қарағанды облысы көш бастап тұр. Өңірдегі зардап шеккендер саны 2020 жылы 443 адамды құраған. Одан кейінгі орында Шығыс Қазақстан облысы тұр. Онда өндіріс басында 314 маман зардап шеккен. Үшінші орынға Алматы қаласы жайғасқан. Алматы бойынша өткен жылы жұмыс орнында барлығы 134 адам зардап шеккені туралы жазылған. Басылымның деректері бойынша, жұмыс барысында қайғылы жағдайға тап болғандар саны аз өңірлер қатарына Қызылорда, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстары еніп отыр.