Карантиндегі шу: жаңатұрмыстықтар судан тарығып жолды жапты

Primary tabs

Apr 26, 2020 / 0 comments

Су тапшылығынан шаршаған ауыл тұрғындары трассаға шығып, аудан басшылығының келуін талап етті, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі. 

 Райымбек округіне қарасты Жаңатұрмыс ауылының тұрғындары карантинге қарамастан трассаға жиналып, өз наразылықтарын білдірді. Бір апта бойы тіршілік көзінен тарыққан ауыл халқы Алматы-Жандосов трассасындағы көлік қозғалысын жауып, №18 блок-бекет маңына шоғырланды.

Оқиға орнына аудандық әкімдіктің өкілі барып мән-жайды түсіндіруге тырысты. Дегенмен, халық жергілікті биліктің кезекті уәдесін естігісі келмеді. Олардың бар талабы – суды үздіксіз алу. 

Ал шенділердің айтуынша, Алматы қаласының Наурызбай ауданын сумен қамтамасыз ететін "Алматы су холдинг" мекемесі су құбырларының біріне әдейілеп бөгет қойған. Жаңатұрмыс ауылын сумен қамтамасыз ететін "Таусамалы қызмет" кәсіпорнының басшысы Б.Айнабековтың айтуынша, мұнда ауыз су екі жақтан келеді. Соның  бірін "Алматы-водоканал" мекемесі жауып тастаған. 

Халық наразылығын білдірген соң тиісті келіссөздер жүргізіліп, ауылға су берілетін болып шешілді. Алматы қаласы мен Қарасай ауданының ауыз суға жауапты мекемелері келісімге келді. Бірақ, жаз уақытында Наурызбай ауданында су тапшылығы сезілген жағдайда, Жаңатұрмысқа тіршілік нәрі кестеге сәйкес жіберілетін болды. 

Жалпы бұл проблеманың түкпіріне үңілсек, барлығы баяғы сол заңсыз жер сатуға келіп тірелетіні жасырын емес. Себебі, барлық елді мекендердегі инфрақұрылым ресми тіркелген халық санына байланысты жасалады. Ауылдарды ауыз сумен қамту мақсатында мемлекеттен бөлінген қыруар қаражаттың игілігін сол себептен де халық көре алмай отырған болуы керек.