"Міндетті түрде адам өлімі болуы керек пе?"
Primary tabs
Мәжілістің бір топ депутаты су тасқынына қарсы күреске қазынадан қыруар қаржы бөлінсе де, еш нәтиже болмай отырғанын айтты деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мәжіліс депутаты, "Қазақстан халық партиясы" фракциясының мүшесі Жамбыл Ахметбеков су тасқыны жыл сайын көптеген азаматтың өмірі мен мүлкіне қауіп төндіретінін атап өтті. Айтуынша, тасқынмен күреске бөлінетін қаржы сомасы да жылдан жылға өсіп жатыр. Алайда нәтижесі көңіл көншітпейді. "Егер "2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қатерінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені" жол картасына 42 миллиард теңге бөлінсе, 2020-2023 жылдарға арналған осыған ұқсас жол картасына бөлінген қаржы 160 миллиард теңгеге жетті. Осыдан келіп нәтиже қайда деген сұрақ туындайды", – дейді депутат.
Ахметбековтың сөзінше, төтенше жағдайлар министрлігі алдымен жағдайдың тұрақты екенін және су тасқынына дайын екенін мәлімдейді. Ал көктемде еліміздің жүздеген елді мекені су астында қалады. Тасқын су тұрғын үйлерге, аулалар мен көшелерге құйылады, автомобиль жолдарын су басып, инфрақұрылым бұзылады, тұрғындар қауіпті ауданнан шұғыл көшіріледі. "Міне, бұл жағдай жыл сайын осылай қайталана береді", – дейді ол премьер-министр орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында. Ахметбековтің дерегінше, соңғы бес жылда Қазақстанда 272 елді мекенді су басқан. Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысы жыл сайын су тасқынының құрбаны болып отыр. Сондай-ақ, ол бірер күн бұрын елорда мен оның маңы тасқын судан зардап шеккенін де жеткізді.
"Бізде іс-шаралар бір бағдарламадан екінші бағдарламаға көшіп, ауысып отырады, ақырында орындалмай қалады?! Неліктен бағдарламалық құжаттарға енген іс-шаралар кейіннен "тиімсіз" болып шығады? Ал осы "тиімсіз іс-шараларға" кеткен бюджеттің қаражатына кім жауапты болады? Қалайша бізге Қызылағаш пен Көкпекті трагедиясы сабақ болмайды? Тасқынның алдын алу үшін уақтылы шаралар қабылдау керек екенін түсіну үшін міндетті түрде қайтадан адам өлімі болу керек пе?", – дейді Жамбыл Ахметбеков. Сөз соңында депутат үкіметтен 2017-2020 жылдарға арналған жол картасын орындауға жауапты, бірақ оны орындамаған тұлғалар қандай жауапқа тартылатынын, болашақта тұрғын үйлерді, көшелерді су басуға жол бермеу және басқа да төтенше жағдайларды болдырмау үшін қандай қосымша шаралар қабылданатынын сұрады.