Нұр-Сұлтан мен Алматыда белсенділер Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

Primary tabs

May 31, 2021 / 0 comments

31 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда белсенділер Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, марқұмдарға құран бағыштады.

Нұр-Сұлтанда "Ашаршылық құрбандарын еске алу" мемориалына жиналған белсенділер арасында Болатбек Біләлов, Қайырлы Омар, тіркелмеген "Ел тірегі" партиясының өкілдері болды. Шараны полиция бақылап тұрды.

"Қуғын-сүргіннің салдарынан 7 миллион қазақтың 2,5 миллионы ғана тірі қалды. Өте ауыр күндер. Кезінде аталарымыздан, әжелерімізден шет жағасын естіп, адамның адамға сондай қастандық жасауы мүмкін бе деп шошынушы едік. Бұл күнді ұмытпауымыз керек... Өкінішке қарай, бұл күн шынайы саяси бағасын алған жоқ. Бұл қасіретті дүниежүзі мойындап отырған шақта оны биліктің мойындамауы өз халқына топырақ шашқандық" деді қоғам белсендісі Қайырлы Омар

Кейбір белсенділер елде қазір де азаматтарды саяси көзқарасы үшін қудалау барын айтып, биліктің әрекетін сынады. Кейбірі "саяси тұтқындардың" суретін ұстап тұрды.

- Ең өкініштісі, 30 жыл бойы егемендік алып тұрып, өз қолымызға өз билігіміз тигеннен кейін де осы елді-жерді қорғап жүрген азаматтарымызды өзіміздің биліктің әлі күнге дейін қудалап отырғаны. Ең қиыны осы. Егемендік алдық дегеніміз тек ат қана. Әлі күнге дейін саяси бостандық алған жоқпыз. Олар билікке соғыс ашайық деген жоқ. Заңды түрде Ата заңда жазылған бейбіт түрде жиынға шығу құқығын пайдаланып, наразылығын білдіргені үшін талай жас қамауда отыр. Соларды билік босатсын. Осындай келеңсіздіктерден тезірек арылсақ екен, - деді белсенді Нағызхан Төлеубаев.

Билік қазір елде саяси қудалау бар деген тұжырыммен келіспейді. Бірақ халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтанды оппоненттерін қудалағаны үшін айыптаған.

Алматыда түске таман Ашаршылық құрбандарын еске алу мемориалына он шақты адам жиналды. Арасында совет кезінде атылып кеткен қазақ зиялыларының ұрпақтары болды.

- Менің әкем Шахан Мусин Қазақ ССР-інің халық әртісі болған. Ол ауыр тағдырды бастан кешірді. 1935 жылы қамалып, жер аударылды. 20 жасында Ашаршылық тақырыбында өлең жазғаны үшін ұсталған. Ол сол сұмдық оқиғаның куәгері болған. Сол үшін оның үстінен іс қозғаған. Онымен бірге тағы төрт адамды жер аударған. Ақыры әкем ғана тірі қалыпты. Сібір, Колымада 18 жыл болып елге оралды. Бұл да бір ғажайып. Семейде НКВД-да архивін қараған кезімде ісі 5 томнан құралған екен. Артық нәрсе қарап қоя ма деп мені бақылап отырған қызметкер маған "әкеңіздің 1935 жылы қамалғаны бір жағынан жақсы болған, өйткені 37-жылы қамалғандардың ісі санаулы ғана парақтан құралған" деді. Ал менің әкемнің ісі бойынша қандай да бір хаттамалар, тергеулер сақталып қалған. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу біздің отбасы үшін киелі дүние, - деді Мақпал Мусина.

Тарихшылардың дерегінше, 1937-38 жылдары совет билігі жүргізген саяси репрессия кезінде Қазақстанда 120 мыңнан аса адам қуғынға ұшырап, 25 мыңы атылған. 1928 жылғы кәмпескелеу соңы 1932-34 жылдардағы ашаршылыққа ұласып, түрлі деректер бойынша, Қазақстанда 1,3-1,5 млн адам қаза болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 31 мамыр күнгі мәлімдемесінде "өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы саяси қуғын-сүргін Кеңес Одағы дәуіріндегі миллиондаған азаматтың тағдырына таңба салды. Қазақстанда жүз мыңнан астам адам жазықсыз сотталып, оның төрттен бірі өлім жазасына кесілді" деп жазды. Тоқаев қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін мемлекеттік комиссия құрылғанын еске салып, "комиссия солақай саясаттан жапа шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруге тиіс" деді.

1988 жылы 4 қарашада Қазақ ССР Жоғарғы соты репрессия кезінде атылған Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймаутов, Міржақып Дулатов, Халел Ғаббасов, Мағжан Жұмабаев бастаған 14 қазақ зиялысын ақтады. Ал 1993 жылы 14 сәуірде Қазақстан "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" заң қабылдаған. Содан бері ел сталиндік репрессияда атылғандарды, қудаланғандарды ақтау процесін жүргізіп жатыр.